Ұлыстың Ұлы күні — әз Наурыз мерекесін асыға күткен ағайын таңсәріден Жеңіс саябағына ағылды. Жүздері бал-бұл жайнаған жамағаттың көңіл-күйіне қарап-ақ мерекенің үстем мерейін көруге болады. Бұл жер жүзі жаңарып, жасылданған мезгілге ғана емес, жерлестеріміздің иісі мұсылман қауым үшін қасиетті саналған төл мейрамға деген риясыз құрметін білдірсе керек.
Ақ әжелер мен ақсақалдар да мерекенің төрінен табылды. Аға буын ұлыстың Ұлы күні мейрамында көпке ән шашуы мен ақ батасын жолдады.
Ақ түйенің қарны жарылған күн — Наурыз-думанда көпшілік қазан асып, наурыз көже үлестірді. Қара үйге жиналған ағайын ақ дастарханның басында, ақ бауырсақтан дәм-ауыз тиді. Жиналған ағайынның айтуынша, ағарған мен әрбір дәм-тұздың өзі өзіндік мән- мазмұнға, ұлттық қасиетке ие. Халқымыздың, көп ұлтты күнгейлік тұрғындардың меймандос қасиеті мен мәрт-жомартығы да Наурыз-тойдан көрініс тапты.
Наурыз тойда ұлттық салт-жоралғы мен дәстүрдің де дәріптелгенін байқадық. Жерлестеріміз жеті қазынаның қатарынан табылған қыран-бүркітті де өздерімен ала келіпті. Мұнысы халқымыздың тектілігін танытуы болса керек.
Орталық саябақта да ұлан асыр той. Жерлестеріміз мерекені арқа-жарқа атап өтті. Жас пен жасамыс жиналып, қасиетті мейрамның қадірін айтуды, оны насихаттауды ұмыт қалдырған жоқ. Өзара ренжісіп, шәй дескен жандар да бұл күні төс-қағыстырып, өкпе-назды өткеннің еншісіне қалдырды. Мереке аясында, татулықты ту етумен қатар көпке қайырымдылық жасаған жандар да табылды.
— Барша мұсылман қауымның мерекесі ән айтып, билеумен шектелмеуі керек екенін жақсы білеміз, мейірім мен шапағатқа, татулыққа бастайтын наурызда жұртшылыққа бауырмалдық қасиетіміз үлгі болғанан қалаймыз. Біз — бір атаның баласындаймыз, бір қазаннан ас ішуіміз де маңызды. Сол үшін мейрамханадағы жұмысымызды бір күнге ысырып, жерлестерімізге түрлі тағамдар мен тәттілерді тегін үлестіріп жатырмыз, — дейді Мұхамед Текин.
Жыл бастауы Абай саябағында да жалғасын тапты. Иісі мұсылман қауымның жаңа жылын тойлау үшін жиналған жандардың да қарасы қалың. Олар мұнда мерекелік көрме ұйымдастырып, ұлттық салт-жоралғыны, көне қолөнерді дәріптеп жатыр. Киіз үй тігіліп, қазан асылып, дәм-ауыз үлестірілді көпшілікке. Ұлттық ойындар да мерекенің төрінен табылды.
Көп ұлтты , зайырлы мемлекетіміз үшін ортақ, иісі мұсылман қауымның жыл бастауы — Әз наурызды жерлестеріміз үлкен үмітпен, ақ ниетпен күтті. Енді оны қуана қарсы алып жатыр. Ұлыстың ұлы күнінен, ақ түйенің қарны жарылған жомарттықтан жамағат тек жақсылық пен молшылықты, ырыс-берекені күтеді.