Мақтаарал ауданындағы Ырысты ауылында 150 отбасы сапасыз ауыз судың өзін сағаттап ішеді. Тұрғындардың айтуына қарағанда, жауын-шашынды маусымда тіршілік нәрі ішуге келмейді. Жұртшылық ауызсудан ауру тауып жатырмыз деп шағынады.
Әр жерден атқылаған су ауыл көшелерінің де тоз-тозын шығарған. Жарылған құбырлардан аққан су көшедегі шаң-тозаң мен қоқысты шайып, әр үйдің есік алдына жеткізеді. Сапасыз судың жайын айтып бармаған жері қалмаған тұрғындар ауылда дерт дендеп барады дейді.
Мақпура Жүзтаева күн сайын әудем жерден су тасиды. Күніне 12 сағат берілетін тіршілік нәрін ыдыс ыдысқа құйып алады. Ауылдықтар сапасыз суды тұндырып ішуге әдеттенген. Соның өзінде лайқа судан аурушаңдық белең алып жатыр дейді.
Бұл ауылдық округті ауызсумен қамтып отырған орталық су мұнарасы өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген. Су құбырлары да сол кезеңде іске қосылыпты. Содан бері жөндеу көрмегендіктен, су жүйелері бүгінде сыр беріп, ауылдың тұс-тұсынан жүргізілген құбырлар жарылып жатыр. Қираған құбырлар арқылы лас су үйді уйдегі крандармен ағады. Тұрғындар мұндай сапасыз су ішіп сырқат тапқанша, тоқтатып тастасын деп ашынады.
Алайда салаға жауаптылар тұрғындардың алдында орын алған олқылықтарды ретке келтіруге ақырғы уәдесін берді. Айтуларынша, су құбырларын жөндеуден өткізуге биыл 37 млн теңге бөлінген.
Су құбырлары жаңартылғаннан кейін ырыстықтар жаңаша тәртіппен есеп айырысатын болады. Есептеуіш құралдары орнатылып, халық тек тұтынған тіршілік нәріне ғана төлейтін болады. Ал оған дейін жан басына төлеп сапасыз суды тұтынуға мәжбүр.