Депутаттар сайлаушылар алдындағы уәделерін орындауға кірісті

334
Облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков

Халық қалаулылары сайлаушыларға берген уәдесін орындауға кірісті. Сарыағаш ауданындағы Алпамыс, Ұшқын, Абай, Жарты төбе ауылды округіндегі көшелерге тас төселіп, тегістелуде. Ауыл тұрғындары мектепке барар жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселетініне қуанып отыр.

Ынтымақ ауылы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ешентай ата көшесі жөнделіп жатыр. Ақсақалдардың айтуынша, бұрын тозығы жеткен жолмен жүру қиынға соққан. Жауын-шашында белшесінен лайға батқан тұрғындар күре жолға жеткенше әбден әбігерге түсетін. Енді жағдайларының түзелетініне ауыл ағайынының көзі жетті. №40 сайлау округіне кіретін барлық елдімекен көшелері түзеліп, қиыршық тас төселеді. Сондай-ақ, ауыл-аймақты жалғайтын өткелдер де жөндеуден өтеді.

Абай ауылының іргесіндегі Шығыс шағынауданына мектепке барар жол жоқ. Былтыр тас төселгенімен, жарытпапты. Жаңа құрылыс аумағы болғандықтан, инфроқұрылым кезеңімен тартылып, жол төсеу кейінге шегерілген.

Облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков

Жұмыстың барысымен танысуға келген халық қалаулысы бұл мәселені бюджеттен қаржы күтпей-ақ шешіп беруге уәде етті. Әрі берген уәдесін дер кезінде бастап жіберді.

Депутаттың бұл бастамасын әріптестері қолдаса, ауылдағы қордаланған мәселелер шешімін табады. Тек халық та қол қусырып отырмай арық-атыздарды, аулаларды қоқыстан тазартып, ауылды көріктендіруге ат салысса болғаны.

Шынар Оразова