Облыста құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде бұрмалаушылықтар жиі кездеседі. Бұл туралы Шымкентте өткен кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған кезекті жиында айтылды.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, көп жағдайда құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесі қолдан азайтылып, кей жағдайда әдейі мол етіп көрсетіледі.
Мемлекеттік сатып алулар кезіндегі пысықайлардың қулығы құрық байлатпай кетеді. Тендерге қатысатын құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесіне баса көңіл бөлінетіні белгілі. Сондықтан да көп құйтырқылық осы мерзімнің айналасында кездеседі дейді сарапшылар.
Әлдебіреулер мемлекеттік тапсырыс алғалы жатқан мекеменің нарықтағы уақытын әдейі кемітсе, енді бір жағдайларда бұл мерзім қолдан ұзартылады. Жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасына құқығы аяқасты болған 224 кәсіпкерден шағым түссе, соның 16 пайызы мемлекеттік сатып алулармен байланысты.
Мемлекеттік сатып алуларға талдау жасаған сарапшылар тапсырыс берушілер тарапынан кәсіпкерлердің үстінен негізсіз шағым түсетінін де жайып салды. Сондай-ақ, жұмысты қабылдау кезінде де мемлекеттік орган басшыларының созбалаңға салып, іскерлерді сандалтатынын да жасырмады. Құқығы тапталған «Жол болсын» құрылыс компаниясы да 5 жылдан бері негізсіз арыздың әлегімен алысып келеді.
Кеңесте айтылған ұсыныстар облыстық прокуратураға жолданатын болды. Алдағы уақытта палата өкілдері мен қадағалау органы қызметкерлері бірлесіп, тапсырыс берушілер тарапынан түскен негізсіз арыз-шағымдарға талдау жасаймыз деп отыр. Бұл шара тендерлер кезінде орын алатын бұрмалаушылықтарға жолын кесуге және тиісті заңнамаларға өзгертулер енгізу үшін қажет.