Валихан Асаев 4 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір мұнда 10 гектарға қияр, осынша алқапқа қызанақ егілген. Қызанақтың «Буран», қиярдың «Спайн» түрлерінен жылына орташа есеппен 16-17 тонна өнім алады. Бір үйлі жанды жұмыспен қамтып отырған кешенде лимонның өзбекстандық сұрпы да бар. Бір гектарға егілген цитрусты жеміс жылына мың тонна өнім береді.
Бірнеше жылдан бері несие серіктестігінің мүшесі болып келе жатқан шаруа ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында берілетін қаржы көздеріне де әжетке жаратып отыр. Биыл 5 жылға төмен пайызбен несие алған ол қаражатқа жылыжайдың жылыту жүйесін жаңартыпты.
Қожалық иелігіндегі мал шаруашылығы да дөңгеленіп келеді. Мұнда қазір 200 бас ірі қара мал мен 900-ге тарта еділбай тұқымды қой бар. Айта кетейік, 700-ден аса қатысушысы бар «Яссы несие» серіктестігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен егін еккендерді, сондай-ақ «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да шаруаларға қаржылай көмек көрсетеді.
Несие серіктестігі 500 мың теңгеден 30 млн теңге аралығында 14 пайыздық мөлшермен несие үлестіреді. Шаруаға 1 жыл демалыс беріледі. Бұл уақытта ол ісін жолға қойып, төлем төлеуге қабылетін арттырып алуына болады. Серіктестік басшылығының сөзіне сенсек, алдағы уақытта 14 пайыздың тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланады деп күтілуде.