Оңтүстік — индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып, өзгелерге үлгі болған аймақ. Бірінші бес жылдықта алдына жан салмаған өңірде 164 жоба іске асуда. Облыс басшысы бұл жобалардың ішінде «Азала текстиль», «Әлем — ВТ», «Карлскрона» және «Хилл корпорашейн» мен Кентау трансформатор зауыттарын айрықша жанына жақын тартады. Себебін аймақтық комуникациялар қызметіне өткен брифинг барысында ашып айтты.
Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының Оңтүстікте орындалу барысын облыс басшысының өзі сараптап берді. Әкімнің айтуынша, бес бағыт бойынша атқарылған ауқымды тірліктер ауыз толтырарлықтай.
Әсіресе, өңірдің экономикалық өсімі көңіл көншітеді дейді. Жаңа инвестиция тарту тиімді тірлік екенін дәлелдеген. Нәтижесінде күнгейде шетел инвесторларының қатысуымен 24 жоба іске асқан. Әсіресе, Еуропа, Азия елдері мен Ресей іскерлері отандық өнім өндіруде өз септігін тигізіп келеді.
Бейбіт Атамқұлов, ОҚО әкімі: «2015 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 416 млрд теңгені құрады. Инвестициялық салымдардың басым бөлігі шағын кәсіпорындардың көлемінің 61,2 пайызын құрайды. Ал сыртқы инвестиция көлемі 48,3 млрд теңгені құраған. Облыста шетел инвесторларының қатысуымен құны 2 млрд АҚШ долларынан астам 24 жоба іске асты».
Осы орайда облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлы күнгейді күллі әлемге танытады деген ірі жобаларды атады. Саннан сапаға көшкен кәсіпорындардың көшін «Азала текстиль», «Әлем — ВТ», «Карлскрона» және Хилл корпорашейн» мен Кентау трансформатор зауыттары бастап тұр. Әкім атын атап, түсін түстеген зауыттарға өңір экономикасының өсімі жүктелген.
Оңтүстікте фармацевтика және тоқыма кластерін дамыту мақсаты тұр. Бүгінгі таңда шитті мақтаның 35 пайызын өңдеп отырған өңір болашақта оны еселеуді жоспарлауда.
Бейбіт Атамқұлов, ОҚО әкімі: «Біздің мақсат — 2020 жылға шитті мақтаның 90 пайызын өзіміздің облыстың кәсіпорындарымен өңдеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар шитті мақта көлемін 54 пайызға өсіруді жоспарлап отырмыз. Ол 420 мың тоннаны құрайды. Екінші мәселе — облыста фармацевтика кластерін қалыптастыру мақсаты тұр. Республикада өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы біздің облыстың еншісінде. Бүгінгі таңда «Химфарм» АҚ-да жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтын, 4 кезеңнен тұратын жоба жүзеге асырылуда».
Бұдан бөлек дәрі-дәрмек өндіретін және медициналық қолдануға арналған бұйымдар шығаратын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде екі зауыттың құрылысы басталды. Ортопедиялық бұйымдар шығаратын зауыттың іске қосу жұмыстары аяқталуда.
Облыстың әр ауданында индустриалды аймақтардың құрылысын жүргізу және дамыту жұмыстары қарқын алған. Бүгінгі таңда 11 индустриалдық аймақ құрылды. Онда 143 жоба іске асырылып, 11 мың 400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Республикада бірінші болып жұмысын бастаған «Оңтүстік» индустиралдық аймағы өзінің тиімділігін дәлелдеген. Ең маңыздысы, бес жылда инфрақұрылым тартуға жұмсалған қаржының 67 пайызы бюджетке салық түрінде қайтарылыпты.
Ұлт жоспарының 65-қадамына сәйкес мультимодельдік көлік дәлізін дамыту қолға алынған. Бұл шара аясында еліміздің халықаралық көлік-коммуникациялық ағымына септігін тигізетін үш бағытты жолдың қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын. Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Ташкентке жалғайтың көлік жолының 420 шақырымындағы жұмысы 2017 жылы аяқталады. Нәтижесінде өңірге келіп кәсібін дөңгелетуге ниетті инвесторлардың қатынасы қолайлы болмақ.
Брифинг барысында Бейбіт Бәкірұлы бәрінен де халықтың пікірі маңызды екенін мәлімдеді. Сондықтан өңірдің түкпір-түкпіріндегі ауыл-аумақты аралап, халықпен кездесуге, олардың әлеуетімен жақынырақ танысуға уәде етті.