Оңтүстікте 16 үй апатты жағдай тұр. Алайда, қаржының тапшылығына байланысты салаға жауаптылар әзірге баспаналарды қалпына келтірудің биылғы жоспарын түзе алмай отыр. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марайым Марғұлан мәлімдеді. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында саланың өзге де түйткілдері талқыланды.
Былтыр облыста жаңарту тетігі бойынша 175 көп қабатты үй жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа республика бюджетінен 1,7 млрд теңге жұмсалған. Алайда, тұрғын үйлерге қатысты түйткілдер мұнымен бітпек емес.
Сала басшысының сөзіне сенсек, облыстағы 3000-нан аса көп қабатты үйдің жартысына жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қаржы көздерінің қарастырылып жатқанына сендірген сала басшысы 2020 жылға дейін түйткілді нысандардың санын 33 пайызға төмендетеміз деп отыр.
Өңірде халықты сапалы жарықпен қамту мәселесі де толықтай шешілмеген. Айта кетейік, облыс бойынша 839 елдімекеннің 822-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған болса, қалған 16 ауылда ахуал нашар. Бұдан бөлек, облыс жұртшылығы тұтынатын электр қуатының 60 пайыздан астамы өзге өңірлерден тасымалданады.
Бүгінге дейін қала жұртшылығының 90 пайызы, елдімекендердің 70 пайызы орталықтандырылған су жүйесінен ауыз суын ішіп отыр. Жоспарға сай жыл аяғына дейін 7 ауылға құбыр тартылмақ. Газдандыру жұмыстары да бірте-бірте жанданып келеді. Былтыр өңірде 14 елдімекен табиғи газға қосылса, биыл 25 ауылға көгілдір отын жеткізіледі. Ал алдағы 4 жыл ішінде «Газли Шымкент» бағытын бойлаған тұрғындар 100 пайыз газдандырылады деген жоспар бар.