Шымкентте мерекеге дайындық басталды

564

Күнгейліктер бірлік пен ынтымақ күнін арқа-жарқа атап өту үшін дайындықты бастап кетті. Безендіру шарасы аясында қаламыздың орталығына жалаушалар ілініп жатыр.

vlcsnap-2016-04-29-21h20m16s116

Даңқ мемориалы меймандарды қарсы алуға дайын. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мереке қарсаңында нысан сақадай сайланып үлгерді. Мамандардың мәліметінше, қала билігі шаһардың көркі мамырдағы мерекелер үшін жекелей сәнді қажетсінбейді деп шешкен.

Ерлан Есіркепов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: «1-7 және 9 мамыр мерекелеріне жаппай ортақ сәндеу жұмыстары жасалады. Сондықтан, дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Қазір Даңқ мемориалындағы бүлінген дүниелер қалпына келтіріліп, жөнделді».

vlcsnap-2016-04-29-21h20m05s30

Данияр Датқабаев, мердігер компанияның өкілі: «Әзірге Абай саябағына — 160, ал Ордабасы алаңына 50 мерекелік жалауша ілінді. Абаттандыру шаруалары да атқарылып жатыр. Ал орталық көшелерге сәндеу шарасы анағұрлым көп жүргізіледі. Яғни, 500 жалаумен жасақталуы керек».

Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне небәрі 2 күн қалды. Бұған қарамай жауапты мамандар қаланың жарқырап-жайнауы, безендірілуі уақтылы жасалады деп хабарлады. Айтулы дата үшін қазынадан қаржы да қаралып қойған. Яғни, бірлік күніне бақандай 7 миллион теңге бөлініпті.

Қаламызда мерекенің мерейін үстем ету үшін сәулеті мен сәні келіскен жобалар жүзеге аспақ. Оның ішінде көшелерге жайғасқан жауқазындардың орнын түрлі гүлдестелер көмкерілген жиынтықтар алмастырады деп жоспарланып отыр.