Оңтүстікте шомылу маусымы басталмай жатып, жыл басынан бері суға кетіп мерт болғандардың саны 13-ке жетті. Оның сегізі — кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер.
Қайғылы жағдайлардың барлығы құтқарушылар бақыланбайтын су айдындарында орын алған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Батырғали Сопбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, адам өлімімен аяқталған оқиғалар көбіне жас балалардың қараусыз қалуынан немесе ересектердің мас халде суға түсуі салдарынан болады.
Құтқарушылар, сондай-ақ, қазір суға батып кеткен екі азаматтың денесін іздеуде. Оның бірі егде жастағы кісі болса, екінші адамның мәйіті қаңтар айынан бері табылмай жатыр.