Жарқынбек Наушабеков халықаралық айтыста топ жарды

777
Ақын Жарқынбек Наушабек

Ташкентте қазақ және өзбек халықтарының мәңгі мызғымас достығына, қазақтың ұлы ақыны Ж.Жабаевтың — 170, шығыстың ғұлама шайыры Ә.Науайының 575 жылдығына және Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған халықаралық айтыс мәресіне жетті.

Бұл айтыста жерлесіміз, айтыскер ақын Жарқынбек Наушабеков  бас бәйгені (1000 $)  жеңіп алды. Бірінші орынды (800 $) Ташкенттің әйгілі суырып салма ақыны Құлмахан Дүйсенов иемденді. Күнгейдің намысын қорғаған Анар Жаппарқұлова 2-орынды (400 $) еншілесе, Нұрлан Есенқұлов пен Біржан Байтуов жүлделі 3-орынды (300 $) қанжығаларына байлап келді.

Халықаралық жыр бәсекесіне Тараз қаласының тумасы Нұрлыбек Құрманов та қатысып, тарихи тақырыптарды жырына арқау етті. Айтулы айтысқа Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың тікелей қолдауымен өңіріміздің 6 бірдей от ауызды ақыны — Карима Оралова, Анар Жаппарқұлова, Жарқынбек Наушабеков, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов және Біржан Байтуов жолдама алып, күнгейдің ғана емес, еліміздің намысын қорғап қайтты. Нәтижесінде, Оңтүстіктің 4 ақыны топ жарып, жүлделі орынды бағындырып отыр.  

Жарқынбек Наушабек
Жарқынбек Наушабек

Жарқынбек Наушабеков, бас жүлде иегері: «Таңдандыратыны сол, әдетте айтыс алдында сондай бір қобалжуды сезінетінмін. Тіпті, сары уайымға салынатын кездер де болатын. Толқып, халықтың алдында тосылмау үшін үлкен дайындық жасайтынмын. Бірақ бұл жолғы сайыста мұндай жағдайлар орын алмады, әрине, іздендім, тақырыпты мейлінше толық қамтуға тырыстым. Ойымдағыдай айтыса алдым деп ойлаймын. Қуантарлығы — 4200 орынды залда ине шаншырлық орын болмады, зал лық толы, демеп-жебеп, қолдап отырды. Соған қарап шабыттандық! Халыққа риза болдым, расында! Айтыстың бағасын, құнын жоғары қойғанына тәнтімін. Жаңа есімдермен, жаңа толқын айтыскерлермен таныстым. Сахнада алдымен өзбекстандық талант Құлмахан Дүйсеновпен кездестім, одан соң жерлесіміз Анар Жаппарқұловамен айтыстым. Анар енді өзіміз ғой, бір жағынан Сарыағашқа келін болып келеді, соны жырға арқау етіп, жеңге мен қайын арасындағы әзілді өлеңмен өрдік. Шүкір! Алла қолдап, Оңтүстік өңірінің туын көкке көтердік! Осы сәтті пайдалана отырып, ерекше алғысты облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов пен мәдениет басқармасына білдіргім келеді. Мәдениет пен өнердің жанашырлары барда халықтың асыл қазынасына айналған айтыс өшпейді. Жасай береді! Осы орайда текті елдің жазушысы «Өнер ұлы болмай ұлт ұлы болмайды» деп, текке айтмаса керек-ті.»