Биыл Арыс қаласында асыл тұқымды құс шаруашылығы іске қосылады. 70- ке жуық адамды жұмыспен қамтитын фабриканы салуға арнайы жер телімі де бөлініп қойған. Алдағы уақытта қолға алынатын игі шаралармен Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай таныстырды. Әкім тоқырауға ұшырап қайта жанданатын томат зауытындағы соңғы жаңалықтармен де бөлісті.
Арыс ауданы әкімінің айтуынша, барлық салада өсім бар. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жоспардан асыра орындалғанына сендірген әкім мырза жылқы мен түйеден бастап, тіпті, былтырғы жылы өндірілген жұмыртқалардың санынан да жаңылыспады. Сондай-ақ инвестиция көлемінің де артып отырғанын жеткізген Сейіт Ертай бірқатар жаңа жобаларды таныстырды. Айтуынша, жуырда өңірде күн энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған стация қолға алынады. 30 шақты адамды жұмыспен қамтитын бұл нысан келер жылға дейін, нақтырақ айтқанда елімізде өтетін «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, Арыс қаласы маңындағы қару жарақты залалсыздандыру полигонында соңғы үш жылда қатарынан оқ-дәрі жарылған болатын. Соның салдарынан бірнеше жұмысшы жарақат алып, тіпті біреуі қайтыс болған. Соңғы жарылыстың қатты болғаны соншалық, жақын маңда тұрған Камаз көлігі түгел жанып кеткені де есте. Әкім мырза жабық нысанға жиі бас сұқпаса да, онда қосымша жаңа ғимараттар салынып, заманауи үлгіге сай қауіпсіздендірілді деп сендірді.
Сондай-ақ, жиында Арыста соңғы 4 жылда өңірді шіркей қаптап, жергілікті жұртшылықтың мезі еткені де назардан тыс қалмады. Өңірге іс сапармен барған кей әріптестеріміздің сөзіне сенсек, бұл жәндіктер қазір жайылымдағы малдарға да қырғидай тиюде. Алайда қала әкімі шіркейлермен күрес жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастыру мүмкін болмай тұрғанын жеткізді.
Тындырылған тірліктер мен алдағы жоспарды ортаға салған қала әкімінің тағы бір жағымды жаңалығы бар. Айтуынша, жуырда «Ақдала» елдімекеніндегі қызанақ өнімдерін өңдеу зауыты қайта іске қосылыпты. 2009 жылы ашылған бұл нысан бірер жылдан бері тоқтап тұрған болатын. Әу бастан тыңғылықты іске аспаған бұл жобаға жергілікті кәсіпкер мықтап кірісіпті.