//
Жаңалықтар 

Базардағы өрт электр сымдарының тұйықталуынан шыққан

Шымкенттегі азық-түлік базары электр сымдарының тұйықталуынан өртенген. Арнайы комиссия осы себепті анықтап отыр.

Түн ортасында 2000 шаршы метрге жуық жерді шарпыған жалын кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындардың зәресін алды. Түнгі сағат бірлер шамасында жанған базарды сөндіруге 100-ден аса құтқарушы мен 23 техника жұмылдырылды. Өрт шалған 1980 шаршы метрдің 437 метрі базар аумағына тиесілі. Қалған аумақта сауда орнына жапсарлас орналасқан дүкендер болған. Шығынға батқан саудагерлер мен жергілікті тұрғындардың сөзіне сенсек, өрт сөндірушілер әуелде бірқатар кедергілерге тап болыпты.

Оқиға орнына жедел жеткендердің бірі қала әкімі Ғабидолла бдіраxымов пен облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев болатын. Жергілікті билік өкілдері базар қожайындары мен ондағы сатушылармен кездесті.

Бұл жағдай өңір басшысы Бейбіт Атамқұловты да бей-жай қалдырмады. Облыс әкімі өртке оранған нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүретінін айтып, жұртшылықты сабырға шақырды. Сондай-ақ, өртті дер кезінде ауыздықтатып, шұғыл жұмыс атқарған облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен қала басшылығына ризашылығын жеткізді.

Өрттен зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ. Айта кетейік, өрт сөндіру кезінде екі газ баллон мен екі бірдей оттегі баллоны табылған. Оның біреуі жарылған дейді төтеншеліктер. Дегенмен, өрттің шығу себебін зерделеген төтеншеліктер қорытындысы бойынша электр сымдарының тұйықталуынан жайсыз жағдай орын алып отыр дейді. Қазір арнайы комиссия өрт кезінде кеткен шығындарды есептеп жатыр.

Тағы да оқитындарыңыз

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz