Биыл облыста үш ауысымды 10 мектептің мәселесі шешіледі. Былтырғы оқу жылында осындай 4 мектепке қосымша құрылыс жүргізілген болатын. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов мәлімдеді. Саладағы жетістіктер мен түйткілді проблемалар басқарма басшысының тілшілермен кездесуінде талқыланды.
Жыл соңына дейін облыстағы 48 апатты мектептің 16-сы жөндеусіз қалмақ. Осындай білім ошақтарының онына былтырдан бастап құрылыс жүріп келеді. Биыл 5 мектепті салуға және 1 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, сейсмикалық нығайту үшін қаржы қаралып отыр.
Сондай-ақ жиында оқушы қыздардың да тәрбиесі тақырыпқа арқау болды. Сала басшысының сөзіне сенсек, биыл өңірде 93 жасөспірім жүкті болып тіркелген. Алайда облыстың бас мұғалімі нақты сандарды сөйлетпесе де былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің төмен екенін айтып көңілін демдеді. Дегенмен өңірдің ерте жүктілік бойынша көш бастап тұрғанына жауаптылар ұстаздардарды емес, ата-аналарды кінәлайды.
Саланың жетістіктерін саралап шыққан сала басшысы үш облыста үш тілді оқыту моделіне дайындық өз деңгейінде деп сендірді. Қазір облыста информатика пәнінің мұғалімдері арнайы курстарда оқып жатыр. Бұл әдістің біздің өңірге жат еместігіні алға тартқан жауаптылар қазір қос бірдей мектептің жаңа әдіспен білім беріп жатқанын алға тартты.
Айта кетейік, биыл облыста 30 мыңнан астам бітіруші мектеппен қоштасады. Бұйыртса, 1479 оқушы алтын белгіге, 602 шәкірт үздік аттестатқа қол жеткізуге үмітті. Мектеп бітірушілердің 75 пайызы ҰБТ қатысуға өтініш білдіріпті.