Шымкентте облыстық ауданаралық мамандандырылған сотта қоғамдық көмекшіні аямай соққыға жыққан Мақтаарал ауданының 63 жастағы тұрғынына үкім оқылды.
2007 жылы мүлікті жария ету науқаны кезінде шараға тартылған азаматпен ерегесіп қалған сотталушы былтыр кек қайтармақ болған. Достарымен бас қосып отырған жерде жәбірленушіні темір шынжырмен ұрып, өлтірмек болыпты.
Абырой болғанда арам пиғылдының әрекеті іске аспай, ауыр дене жарақатын алған жәбірленуші жолдастарының арашалауымен аман қалған. Сот айыпталушыға 6 жыл жазасын қатаң режимді колонияда өтеуді үкім етті. Сотталушы сот залынан қамауға алынды. Судьяның айтуына қарағанда, сотталушының жасы мен І топ мүгедектігі ескеріліп, жаза жеңілдетіліп отыр.