Кентау көшелеріне жыл сайын асфальт төселеді

335

Кентаулықтарды сапасыз төселген асфальт  мезі еткен. Жергілікті тұрғындар жолдар жөнделеді алайда, бір жылға жетпей опырылып ортасына түсетінін айтады. Қала шетіндегілерді айтпағанда,  орталық көшелердегі жағдай мәз емес. Кенді шаһардағы жол мәселесі неге күн тәртібінен түспей тұрғанын зерделеп қайттық.

Қаланың қақ ортасындағы Абылай хан көшесіндегі ойықтар қалпына келтірілу үшін дайындалып жатыр. Ал жүргізушілер бұл жолдың былтыр ғана жөнделгенін айтады. Айтуларынша, бір жылға шыдас бермей опырылып ортасына түскен асфальт апатты жағдайларға да себеп болуда.
55555555555Жуырда ғана жөндеу көрген көшелердегі ойық жауынды-шашынды кезде тіпті қауіпті. Шұңқырларға толған жаңбыр суы жүргізушілерді де,  жүргіншілерді де мезі етеді. Жолдың сырын жақсы білетін жүргізушілер мұндай сапасыз құрылыстардың қалай қабылданатынын білмей дал. Пікірлерінше, жөндеу жұмыстары әу баста қатаң қадағаланса, мұндай олқылықтар орын алмас еді.
Айта кетейік, Кентау қаласының ішкі жолдары 95 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 35 шақырымы асфальттелген. Былтырғы жылы 320 миллион теңгеге 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Алайда сапасыз жұмыс бір істі екі етіп отыр. Жөндеу көрген жолға үш жыл кепілдік мерзімін берген мердігерлер бір жыл өтпей қайта жөндеуге кіріскен.

Сала мамандарының сөзіне сенсек, қыс мезгілінде түскен қалың қар мен көктемгі жауын шашынның әсерінен жол шыдас бермей опырылып қалыпты. Жергілікті билік өкілдері мердігерлерге кепілдік мерзімі бітпей бұзылып жатқан жолдарды қайта қалпына келтіруді тапсырды. Жауаптылар он күннің ішінде бұл жұмыстар толықтай аяқталады деп уәде етті.