Екі айға созылған облыстық фестиваль өз мәресіне жетті. Ұлы Абайдың 170 жылдығы арқау болған шараға барлық аудандардан 25 мыңға жуық өнерпаз қатысса, ақтық сында іріктеуден өткен 2000-нан аса мектеп және колледж оқушысы өнер көрсетті.
Қатысушылар Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар» жол атты жолдауын сахналаған қойылымдар мен жырларын қосты. Таланттыларды танып, қолдау білдіруді көздейтін өнер фестивалі өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Созақ, Түркістан, Ордабасы, Төле би аудандарының өнерпаздары ерекше дайындықпен келіпті. Нәтижесінде қазылар алқасы үздік өнер көрсеткен оқушылар мен шығармашылық ұжымдарды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Одан өзге белсенділік танытқан аудандық білім бөлімдеріне де арнайы дипломдар табысталды.