Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жырларын енді төрткүл дүние жаттайтын болды. Ғасыр ақынының өлең-сөздері 140 тілге аударылып отыр. Мұндай ақпарды жыр дүлділінің 170 жылдығын атап өткен өнертапқыштар мәлімдеді. Зерттеушілердің айтуынша, поэзия тұлғасының діни көзқарасын да құнттайтын құжаттар табылған.
Бір қарағанда кәнігі ғылыми кеңес дерсіз, бірақ, мұнда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жырлары талданды. Поэзиядағы алып тұлғаның 170 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылған ғылыми жиынға еліміздің әйгілі өнертапқыш-зерттеушілері арнайы шақырылған. Ғалымдардың бірі суырып салма ақынның шығармалары 140 тілге аударылғанын айтса, екіншісі биыл жыраудың құрметіне тағы бір жинақ жарық көргенін марқая мәлімдеді.
Жыр дүлділінің шөбересі Бекмұрат Жамбылов та кеңестің төрінен табылды. Кейіпкеріміздің айтуынша, бабасының жүздеген еңбектерін ел арасында кеңінен насихаттау үшін жасынан қазақтың ұлтық аспабы домбыраны меңгеріп, жырларын жатқа оқиды.
Бекмұрат Жамбылов, Ж.Жабаевтың шөбересі: «Жамбыл бабамыз жасы 97-ге таяғанда да жыр жүйрігі болған деседі, оны айтып жатқанда, тіпті, жанындағы хатшыларының өзі жазып үлгере алмаған. Десе де аманат болған еңбектерін қазір көзіміздің қарашығындай сақтап жүрміз. Домбыраға салып, оны айтып, үйренемін деушілерге жаттатуға бармыз. Ал бабамның жырларымен мені әкем таныстырып, баулыған».
Жамбыл Жабаев – жырлары уақыт шеңберіне бағынбайтын ақын. Әдебиет әлеміндегі оқырман поэзия тұлғасы деп таниды жырауды. Жасынан өлең-жырға қанып өскен ол сөз сүлейі Сүйінбай Аронұлынан сабақ алған. туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік біліп, Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Қатаған сияқты дүлдүлдермен сөз сайыстырған. Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген ақын екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жауынгерлерді «Ленинградтық өрендерім!» деген жырымен жебегені есімізде. Қазір жыраудың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеушілер оның діни көзқарасын айналып өтпеді, ешбір намазын қаза қылмағанын да дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, Жамбылдың жырға құмартуы мен поэзияда қанатын кеңге жаюын өнертапқыштар Оңтүстік өңірінің үлесі екенін алға тартты.
Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы-зерттеуші: «Ақын Сүйінбай Аронұлының батасын алған соң 2 жылдай Оңтүстікте жүрді. Майлықожа, Құлыншақ, атақты шайыр ақындары мен жырайларының жырларына қанығып, тіпті әулиелердің басына қонып, жақсылардан үйренді. Тәлім-тәрбие алды. Күнгейге балап Жамбыл болып келіп, Алатауға дана Жамбыл болып оралған».
«Ленин», «Еңбек қызыл туы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған Жамбыл ақынның жырлары ұмытылмақ емес. Жиын қатысушылары оның шығармаларын жастар арасында насихаттау үшін жаңа жоба қолға алынатынын айтты. Яғни, жоғарғы оқу орындарында арнайы әдеби сағаттар енгізілмек.