Облыстағы жанар-жағармайды бөлшек және көтерме саудалаумен айналысатын кәсіпкерлер негізсіз салық төлеуге мәжбүр. Оларды осыдан үш жыл бұрын алматылық «Алма ойл Энерджи» серіктестігі сазға отырғызып кеткен көрінеді. Бұл кәсіпорын 2012-2013 жылдары күнгейге жанар-жағармайды жеткізумен айналысқан.
Алайда, былтыр Алмалы аудандық сотының үкімімен серіктестік жалған кәсіпкер ретінде танылған. Сот бизнес өкілдерінің тиісті салықтарды төлегеніне қарамастан әріптестік жасасқан барлық кәсіпкерлерге қосымша құн, кіріс салықтарын төлеу туралы үкім шығарып беріпті.
Жалған кәсіпкерлікпен айналысқан серіктестікпен облыста 50 мекеме әріптес болған. Сәуір айында бизнес өкілдеріне облыстық кірістер органдарынан қосымша салық төлеу туралы хабарлама келген. Облыстық жанар жағар май қауымдастығының мәліметіне сенсек, операторлар тиісті төлемдерді дер кезінде төлеп келген. Соған қарамастан қылмыстық іс бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары кезінде жергілікті кәсіпкерлерден тиісті құжаттар талап етілмепті.
Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында осы мәселеге қатысты бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау жолдары жан-жақты қаралды. Енді бұл түйткілдің шешілуіне палата өкілдері де атсалыспақ. Олар тергеу-тексеру кезінде кеткен шикіліктерге байланысты істі қайта қарау үшін ұсыныс жолдайтын болады.
Бұл мәселе жуық арада шешімін таппаса, кәсіпкерлер кедергілерге тап болады. Сот үкімі өзгеріссіз қалса, мамыр айының соңына дейін бизнес субъектілерінің банктердегі есеп-шоттары бұғатталады. Палата өкілдері сот үкім еткен төлемдерді төлесе, кейбір кәсіпорындардың банкротқа ұшырап, тақырға отыруы да ғажап емес деп отыр.