«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы биыл жылдың соңына дейін аяқталады. Халықаралық маңыздағы автомагистральдің облыстағы жалпы ұзындығы 420 шақырымды құрайды. Мамандардың айтуынша, жол қозғалысы енді алты айдан кейін ашылады. Әрі қарлы аумақтардағы кедергілер болмайды. Ол үшін арнайы тонель салынғанын айтады.
Автобанның оңтүстік бөлігіндегі жолға елде теңдесі жоқ тонель салынып жатыр. Сол себепті де құрылыс созбалаңдыққа салынып кеткен. Жауаптылардың айтуынша, тонель құрылысы жобалық құжаттың алғашқы тұжырымдасамына енбей қалған. Оны қайта дайындап, мақұлдануының өзі біраз уақытты алыпты. Нәтижесінде сапалы әрі заманауи өтпел жұмысы кеш басталған.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының 424 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтеді.Автобанның құрылысын Түрік, Иран және Қытай компаниялары жүргізді. Ирандық мердігер компания жер асты өткелін салуға 2014 жылы кіріскен. Шақпақ баба ауылындағы автокөлік тоннеліның ұзындығы 840 метр. Жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Ахмад Наимиха, жобаның жетекшісі: «Тоннелдің құрылысын 2014 жылдың сегізінші тамызында бастадық. Оның ұзындығы 820 м. Екі бағытқа арналға екі өткел болады. Бүгінгі таңда жұмыстың 75 пайызын аяқтадық. 2016 жылдың тамызында толық бітеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені жер асты қазу барысында көптеген қиындықтарға тап болдық».
Халықаралық транзиттік дәліздің Жамбыл облысының шекарасы мен Шымкент қаласына дейінгі жол бөлігінің құрылысымен ҚР инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешовтың өзі танысты. Министр жол құрылысының сапасын бақылап, жұмыс алаңында мердігер мекемелердің өкілдерімен жиын өткізді. Құрылыс компанияларының басшыларынан жұмысшылардың айлық жалақысын уақытылы төлеп отыруды талап етті. Сонымен бірге, төрт түлікті айдап өткізуге арналған жол астынан жасалатын өткелдердің жергілікті тұрғындар үшін ыңғайлы болуы қажеттігін жеткізді. Әрі сапасын жоғары бағалап, арнайы инженерлердің қадағалап отырғанын айтты.
Мереке Пішембаев, ҚР инвестициялар және даму министрлігі автожол комитетінің төрағасы: «Бізде халықаралық бан бойынша инженерлер тағайындалған. Олар жол құрылысын күнделікті қарап отырады. Сапасы жақсы деп айтуға болады. Енді жұмыс болғаннан кейін кететін кемшіліктер болады. Мұның бәрі уақытымен мердігердің есебімен қайта жөнделеді. Мына жол тапсырылғаннан кейін екі жыл кепілдік мерзім болады. Сол екі жыл ішінде қандай да бір олқылықтар орын алса, мердігер компания жөндеп береді».
Жол бойынан халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым құрылысын бастауды әкімдікке жүктелді. Биыл пайдалануға берілетін жолда кеткен кемшіліктерді жою мердігер компанияларға тапсырылды. Енді алты айдан кейін автобан ашылып, халықаралық қатынас нығая түседі.