«Қара шаңырақ» 82-маусымын қорытындылады

364

Театр тарихында тұңғыш рет бір маусымда бір емес, алты бірдей премьералық қойылым сахналанды. Бұл жөнінде Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы 82-маусымының жабылу салтанатында жариялады. Қорытынды шарада көрермен қауым «Театр көктемі -2016» өнер байқауында бас бәйгені еншілеген «Бас» қойылымын қайта тамашалауға мүмкіндік алды.

timthumb

Театр ұжымы тарихты қазақ ұлдарының намысын биікке көтерген Өтеміс бидің перзенті арқылы түсіндіруге тырысты. Драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бас» атты еңбегінде Махамбеттің мүрдесі емес, оның бас сүйегі жайында баяндалады.

Қойылым желісі бойынша төрткүл дүние Қазақтың ержүрек, құралайды көзге атқан мерген, көмейінен жыр төгілген ұлы Махамбеттің өміржолын зерттемек болады. Оның басынан алған зақымы арқылы көне тарихқа үңілуді көздейді. Соңынан зерттеуші антрополог шетелге қоныс аударады. Миссиясын мүлтіксіз орындаған ғалым бас сүйекті өзінен кейінгі өкілге аманат етіп тапсырады. Сол арада ақынның алтын басы кері қайтарылып, жерленудің орнына қолды болады. Бірақ қойылымда басты қызғыштай қорғап, батырдың рухына тағзым етушілер де табылды.

"Қара шаңырақ" 82-маусымын қорытындылады

"Қара шаңырақ" 82-маусымын қорытындылады

Нүркен Орынбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Мен рөлді ойнау үшін Маханбеттің жырларын жаттадым, іздедім. Өмір жолына үңілдім. Жанын, қазаққа деген жанашырлығын мейлінше түсіндім. Содан соң барып рөлге ене алдым деп ойлаймын. Алғашқы премьералық қойылым кезінде мен қазіргідей ұқпаған едім, ал бүгінде айтар ой, сомдайтын кейіпкерім көрерменнің көңіліне жетуі үшін аянып қалман».

"Қара шаңырақ" 82-маусымын қорытындылады

Спектакльде дүниеқоңыз қоғамның, жас толқынның теріс қадамы, тексіздігі бүкпесіз көрсетілген. Тіпті, қолды болған батырдың бас сүйегін тапқан топқа қомақты қаржы тағайындалады. Өзара күрес те осы кезде пайда болды.

Қойылым соңында көпті алдауға асыққан алаяқтардың әрекеті жүзеге асқан жоқ. Батырдың бас сүйегі табылып, арулап жер қойнына тапсырылады. Айта өтетін ақпар, бүгінде күнгейдегі бас театрда 150-ге жуық адам қызмет етеді. Оның 43-і — шығармашылық ұжым. Ал осы маусымда театрдың керегесін кемелдендіріп, академиялық мәртебесінің мерейін асырған ұжымға өңір басшысы Б.Атамқұловтың өзі су жаңа темір тұлпар сыйлады. Енді 1 ай демалыстан соң ұжым арнайы автобуспен гастрольге шығып, өнерлерін паш ететін болады.