Ағарғанға құмартқан ағайынды республикалық санитарлар абай болуға шақырды. Мамандар сүт өнімдерін шығарумен айналысатын 14 компанияны қара тізімге іліп, стандартқа сай емес өнім шығарған деп айыптады. Олардың қатарында күнгейлік екі компания бар.
Мамандардың айтуынша, бұл компаниялар сүт майлылығын қолдан көтерген. Яғни, айран мен қаймақ өнімдерін лабораториялық зерттеуге салғанда өсімдік майы пайдаланылғаны анықталыпты. Мұны жергілікті санитарлар да растап отыр.
Жұмағали Мұзафаров, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің техникалық регламентті сақтау бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Өнімдердің майлылығын анықтаған кезде артық май шықты. Норма бойынша 1,6-дан 3,6-ға дейін болу керек, ал зертханалық зерттеу бойынша айраннан 4,77 шығып отыр. Қаймақта 4,51 болып отыр».
Қаймағы сыналған компаниялардың арасында «Сайрам-сүт» серіктестігі бар. Мұнда күніне 5-6 тонна сүт өндіріледі. Одан айран, қаймақ, ірімшік, сүзбе секілді жиырмаға жуық өнім дайындалады. Зауыт басшылары құрылғылар толықтай автоматтандырылғандықтан, сапа стандарты жүз пайыз сақталады деп отыр.
Наталья Величко, зауыт технологы: «Бізде адам күші қолданылмайды. Күніге келетін шикі сүттің өзі бірнеше рет тексеріледі. Ол дайын болғанда да жіті қадағаланады. Технология толық сақталады. Біз өзіміздің шығарған өнімге толықтай кепілдік бере аламыз».
Зауыт басшысы мұндай олқылықтарға жол бермейтінін айтып отыр. Белгіленген нормадан артық май байқалса, сүттік құнарлығынан болуы керек дейді. Сондай-ақ, зауыт өнімдерінің сақталу мерзімі тым қысқа болғандықтан, барлық стандартты сақтауға міндеттіміз деп отыр.
Қалай болғанда да сөредегі сүт өнімдерін қолданар алдында сақтықты серік ету артық етпейді. Алдымен оның шыққан мерзімі мен сақталуы уақытына аса көңіл бөліңіз. Мамандар сапасыз деп тапқан тауарлар ірі дүкен сөрелерінде тұрмайтынын тағы ескеріңіз.