Ш.Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы тәуелсіздікке тарту жасады

590

Күнгейлік өнерпаздар тәуелсіздіктің тойына тарту жасап жатыр. Мерейтой құрметіне орай өңіріміздегі Ш.Қалдаяқов атындағы филармония тыңдармандарына жаңа бағдарламасын ұсынды.

Алты жасынан дәстүрлі әнге құмартқан қыз күллі қазақтың торқалы тойында тосылған жоқ. Ұлттық ән шығармаларды шарықтай шырқады. Наркенже Серікбаева бұл құрмет-қадамын туған еліне жасаған тартуы деп түсіндірді.

Наркенже Серікбаева
Наркенже Серікбаева

Наркенже Серікбаева, Ш.Қалдаяқов атындағы  облыстық филармонияның әншісі: «Тәуелсіздікке үлкен сыйымыз сол ән айтумыз болды деп ойлаймын, әрине, үлкен сахна болған соң қобалжу болды. Өзім халық әндерінен бөлек қазақ жігіттері, арулары туралы, патриоттық әндерді көп айтатын болған соң, өнер саласына  қосып жатқан үлесім көп деп ойлаймын».

Филармония ұжымы «Тәуелсіз ел — тірегім» атты кеште халық әндерімен қатар ұлттық аспаптарды да кеңінен дәріптеді. Фольклорлық ансамбль халық қазынасын жаңғыртты. Ал өнер ошағы басшылығының айтуынша, шығармашылық кештің ерекшелігі — тұщымды туындыларды тыңдарманға шебер ұсыну ғана емес, маусымның жетістігін саралау.

Әлімжан Мәменов, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директорының орынбасары: «Қазына» би ансамблі «Розы Казахстана» деген байқаудан бас жүлдені алып, осы шілде айында Австрияға іс-сапармен жол жүреді. Одан кейін біздің әншілеріміз Өсербай Бөріханов, Мағжан Айтымбаев халықаралық  байқаулардан лауреат атанып келіп жатыр. Филармония ұжымы биыл жаңа әндер жазып, жаңа киімдер тіктірді. Соны халықтың алдына көрсетіп жатқан жайымыз бар».

Ел тәуелсізідігінң осынау тойында өнер ұжымы халық және эстрада әндерін айтумен шектелмеді. Әлемнің жаһұттарына айналған классикалық еңбектерді де еңсерді. Айта өтетін ақпар, енді Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония осы мерекелік бағдарламасын Астанаға барып, елордалық тыңдармандарға тарту етпек.