Облыста ана мен бала өлімі өршіп тұр. Жыл сайын қыруар қаржы құйылса да денсаулық сақтау саласы оң нәтиже көрсетпей отыр. Былтырғы бюджет ақшасының жаратылуын тиын-тебеніне дейін түгелдеп жүрген халық қалаулылары осылай деп дабыл қақты. Жұмыстың салғырттығынан осы саланың бас көтере алмай жатқанын жасырмады. Облыс мәслихатының үшінші сессиясының алдында бюджеттік комиссия мүшелері Шардарада бас қосқан еді.
Былтырға арналған бюджеттің атқарылуы 99,9 пайызға орындалған. Облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен жылдармен салыстырғанда өсім бар. Халықтың тұрмысы да жақсарған. Қаржы тапшылығына қарамастан былтыр білім, денсаулық, әлеуметтік салаларына қомақты қаржылар бөлініп, жоспарлаған нысандар пайдалануға тапсырылған. Алайда мұнымен барлық кемшіліктер түзелмепті. Әсіресе, ана мен бала өлімі қысқармаған.
Сәду Бекенов, облыс мәслихатының депутаты: «Денсаулық сақтау саласында 2014 жылмен салыстырғанда биыл ана мен бала өлімі көбейіп кеткен…»
Сейітжамал Пәкеев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ол кезде 4 әйел қайтыс болса, биыл 8 әйел қайтыс болып отыр. Оның себептерін қарасақ, оны өзімізден іздеуіміз керек. Біріншіден, бізде бір әйел бір жылда 2 реттен туады екен. Ондайды естулеріңіз бар ма? Білесіздер ме ондайды? Әне, көрдіңіздер ме, мүмкін емес дейді. Бері қараңыздар, қаңтарда туады, сосын, қараша айында туады. Әйел — дем алмайды.»
Облыс мәслихаты бюджеттік комиссиясының көшпелі отырысында Шарадарадан бастауын алып өңірдегі аудандарға тараған шегірткенің төңірегіндегі проблемалар да қозғалды. Шығынға батқан шаруаларға қолдау көрсету керек дейді депутаттар.
Рахым Тәңірбергенов, облыс мәслихатының депутаты: «Мына халық несие алып, үйін кепілдікке қойып, қарбыз-қауын егіп отыр. Бәрін жеп кетті. Мұның ақшасын кім төлейді? Жауап беру мәдениетті де, ал, бұл жерде сотталуы керек. Әкімнің орынбасары бастап, ауыл шаруашылығы департаментінде кім қарайды — соттау керек. Мынау — масқара ғой. Мен түнде осы жерде болдым. Халық жылағанда етегі толып отыр.»
Серік Тұрабеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Апатты жағдайда кім төлеу керек? Жергілікті атқарушы орган, депутаттары бар, «Нұр Отан» партиясы бар, ауыл әкімі мен белсенділері бар, ардагерлері бар — акті жасалуы керек. Актіге сәйкес біз ары қарай жұмыс жасауымыз керек. Оны қалай төлейміз? Егер біз төтенше жағдай жарияласақ, ол қалай болады? Оны заңгерлер айтуы керек.»
Шардара ауданына жақында тағайындалған жаңа әкім Арман Абдуллаев мүмкіндікті пайдаланып, елдімекендердегі коммуналдық күрделіктерді шешуге көмек сұрады. Депутаттардан қолдау керегін баса айтты.
Жиынды қорытындылаған төраға аудан әкімінің ұсынысы алдағы уақытта қаралады деп қалды. Ал халықтың тұрмысын жақсартуды көздеген кездесуге келгендер қазына қаржысын тиімді пайдалануға сөз байласты.