Шымкентте сұйытылған газ тапшылығы сезілуде. Жүргізушілердің сөзіне қарағанда газдың бұл түрі қазір талон бойынша сатылуда.
Кей жанар-жағармай бекеттерінде тіпті жоқ. Жүргізушілер соңғы кездері бензин бағасының қымбаттауына байлынысты көліктеріне газ балонын орнатқан. Алайда оның еш тиімділігі болмауы мүмкін деп қауіптенеді көлік тізгіндегендер.
Себебі, сұйытылған газ бағасы да бірте-бірте қымбаттап келеді. Осыдан бір ай бұрын 45 теңгеге сатылып келген газдың бұл түрі қазір қаладағы бекеттерде 50 теңгеден сатылып жатыр.
Ал газбен қамту мекеме басшылары сұйытылған газ жеткіліксіздігін өңірге бөлінетін отынның аздығымен байланыстырады. Бүгінде қаладағы газға қажеттілік 10-11 мың тоннаға жеткенімен, министрліктен оның тең жартысы ғана бөлінеді екен. Қалған бөлігін бекеттегілер басқа жерден тасымалдауға мәжбүр.
Қазір бекеттерде сұйытылған газдың литрі 50 теңгеден сатылып жатыр. Доминант компанияларда отынның бұл түрі 40-45 теңгеден сатылуы тиіс. Алайда өңірде босату бағасы қадағалауда болатын небәрі 7 серіктестік бар.
Қалған бекеттерде сұйытылған газ нарықтағы бағамен саудаланады. Алайда тап қазір көлік жүргізушілерін бағадан бұрын газдың жеткіліксіздігі алаңдатуда. Ал саладағылар нарықтағы ақуалдың қашан реттелетінін дөп басып айта алмай отыр.