Шымкенттік тұтынушылар жылуға 230 миллион теңге қарыз. Оған заңды тұлғалардың 14 миллион берешегін тағы қосыңыз. Осылайша, қыс ауасында қалалықтарды жауратпаған «Қуат жылу орталығы» тұрғындардан берешектерін ала алмай, сотқа шағымданған. Бүгін белігілі болғандай, сот 4 миллион теңгені өндіруге шешім шығарған. Жалпы жылу маусымында есеп-шотқа 2,5 млрд теңге түскен. Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығындағы жылу тұтынушылардың саны — 64 мың.
«Қуатжылуорталығы» мекемесі Шымкентті жылумен қамтуға былтыр қараша айында кіріскен болатын. 2015-2016 жылу маусымында тұтынған жылу үшін есеп шотқа 2 млрд 329 млн теңге түскен. Яғни, 91 пайыз. Басшының мәлімдеуінше, бұл — жақсы көрсеткіш. Алайда қарыз да жетерлік, басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі.
Тұтынған жылу үшін маусым бойы есеп айырыспаған азаматтарға жылуберушілер бірнеше рет ескерту те жасаған. Алайда нәтиже болмаған соң, олардың ісін сотқа жолдауға мәжбүр болыпты. Бұл соңғы қатаң шара жайлы арнайы топ тұтынушыларды кезекті рет хабарландыруда.
Алла Мейер, «Қуатжылуорталығы» МКМ өкілі: «Өздеріңіз көрдіңіздер. Олардың тұтынған жылу үшін төлем ажасамағанына біз кінәлі сияқтымыз. Егерде айма-ай төлегенде мұндай жағдай болмас еді. Енді 42 мың теңге берешегі жиналғанда, төлеуге қиналады. Ал алдындағы пәтердің иесі астанада тұрады. Төлемдерді еш төлемейді. Ісі сотта қаралады».
Өткен жылу беру маусымында орталықтандырылған жылумен 64 мың тұтынушы қамтылған болатын. Өкінішке орай, 16 мың тұтынушы дербес жылу қондырғысына көшкен. Шымкентте 1800 көп қабатты үй болса, олардың бір бөлігінде сығымдау жұмыстары басталып та кеткен. Жылуберушілер жоспарлы жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу үшін тұтынған төлемдерді өтеуге тұрғындарды шақырады.