Шымкентте әлеуметтік бағадағы азық-түліктер сатылмайтын болды. Бүгінен бастап қаладағы «Шымкент әлеуметтік корпорациясына» қарасты тұрақтандыру қоры өнімдерді сатуды уақытша тоқтатты.
Оған себеп — Оңтүстікте балғын көкөністер пісіп-жетіліп, тұрақты қордың тауарларына деген сұраныс азайыпты. Осылайша бұған дейін қаланың 10 ірі сауда орындарының маңында сатылып келген әлеуметтік тауарлар қазан айынан дейін тоқтатылды.
Әлеуметтік корпорацияның мамандары 2015 жылдың күзінен биылғы маусым айына дейін атқарылған жұмыстардың есебін тапсырды. Былтырдан бері 5500 тонна өнім сатылған. Саралайтын болсақ, 396 тонна картоп, 442 тонна пияз, 1500 тонна құмшекер, 232 тонна күріш, және 47 мың литр күнбағыс майы арзан бағада босатылған.