Шардарадағы «Қазпошта» бөлімін тонаған деп айыпталғандарға қатысты үкім өзгеріссіз қалды. Қылмысты істер жөніндегі облыстық апелляциялық сот алқасы ағайынды Асқар және Әсет Батыршаевтар мен Дәуренбек Нурулаевтың шағымын қайта қарады.
Соттың бірінші инстанциясында сот шешімі бойынша үш азамат қарулы тонаушылықты ұйымдастырды, қару сақтады деген айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Ал апелляциялық шағым түсірген айыпталушылардың заңгерлері жазаны жеңілдетуін сұраған болатын.
Айтуларынша, айыпкерлер келтірген 500 мың теңге шығын өтелген. Қазпошта бөлімінің қызметкерлері мен қарауылы да кешірім берген. Алайда сот үкімі олардың өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды.
Зиядинхан Пірнияз, қылмысты істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы: «Соттың бірінші инстанциясындағы сот шешімі өзгеріссіз қалды. Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Сотталушылар тарапы кассациялық сотқа шағымдануға құқылы.»