«Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына — 25 игі іс.» Осы ұран аясында бүгін қалалық емханаларда дәрігерлер науқастарды жолдамасыз қабылдап, диагностикалық тексеруден өткізді. Сондай-ақ, бұл күні кейбір ақылы қызметтер денсаулық мекемесінде тегін көрсетілді.
Ақ халаттылардың қабылдауына келген науқастардың қатары қалың. Ашық есік күні кешкі сағат 18:00-ге ейін жалғасады. Айта кетейік, бұл игі бастама тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілуде.
Ашық есік күні өтетінінен алдын ала хабардар болған қалалықтар мүмкіндікті мүлт жібермеді. Дәрігерге кіру кезегін сағаттап күтетін олар бұл күні медициналық қызметкерлердің шапшаңдығына куә болды. Маманның қабылдауына ешқандай жолдамасыз келгендер де керекті кеңестерін алып, ақылы қызметтің өзі тегін жүргізілгеніне қуанды.
Іс-шара облыстағы барлық медицина ұйымдарында — облыстық, қалалық, аудандық, жалпы саны 120 емдеу мекемесінде өтіп, ашық есік күніне келген 7000-ға жуық тұрғын артериялық қан қысымын өлшеу, қан құрамындағы глюкоза деңгейін, холестеринді, артық дене салмағын (Кетле индексі арқылы) анықтау, көз және тіс аурулары, онкологиялық аурулар сынды дерт түрлері бойынша 30 түрлі тексеруден тегін өтіп, кеңес алды.