Дәрілік шөп жинап жүрген шетелдіктер ұсталды

512

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дәрілік шөпті шекара маңынан заңсыз жинап жүрген 21 шетелдік ұсталды. Келімсектер өсімдіктану ғылымында «Сасық ферула» атанған  шөпті теріп жүрген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметінің мәліметінше, Сарыағаш шекара отрядының бір топ офицері аудандық ҰҚК мамандарымен бірлесе отырып, Бозай ауыл округі маңынан 19 ауғанстандық, 2 өзбекстандық азаматты ұстады.

Оларға әзірге көші-қон туралы заң талаптарын бұзған деген айып тағылып отыр. Қолға түскендер бейсауат адам жүруге болмайтын мемлекеттік шекара маңында дәрілік шөптер жинаумен айналысқан. Қазіргі таңда күдіктілер Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу абақтысында қамауда жатыр.