ОҚО әкімі жамағатты Ораза айтымен құттықтады

417

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады. Бейбіт Бәкірұлы облыстық орталық мешітте айт намазына қатысты.

Өңір басшысы Рамазан айы бір ай бойы Алланың разылығы үшін ауыз бекітіп, мейірімділік пен игіліктің, бірлік пен ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл қасиетті айдың аяқталуына орай аталып өтілетін айт мерекесі барша мұсылман қауымы үшін діни ғұрып ғана емес, ұлттық дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ұлық мейрам екенін жеткізді.

Облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке Ораза айт баршамыз үшін құтты болсын деп, бұл күні аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылғанын жеткізді. Ораза айтының қадір-қасиеті туралы айтып, келесі Рамазан айына аман-есен жетіп, жүздесуімізге дұға оқыды.