«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і шағын футболдан іріктеу турнирін өткізді

1
фото Отырар.кз

Шағын футболдан іріктеу турнирі барысында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і аудандық электр желілері командалары арасында үздік футболшыларды анықтады. Өз топтарында жеңіске жеткен командалар 4 мамырда Шымкент қаласында өтетін Наурыз және Жеңіс Күні мерекелеріне арналған финалдық ойында кездеседі.

Шағын футболдан турнир ұйымдастыру «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС қызметкерлері үшін дәстүрге айналған. Наурыз мейрамы мен Жеңіс күніне арналған жарысқа Түркістан облысындағы аудандық электр желілерінің командалары қатысты. Іріктеу кезеңінде Мақтааралда өткен тартысты ойындарда Келес ауданының электр желілері командасы жеңіске жетті.

Нариман Ысқақов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС атқарушы директоры: «Футболдан жарыс өңірдегі аудандық электр желілері командаларының арасында өтуде. Жеңімпаздар Шымкентте өтетін турнирде анықталады. Спорттық шараның мақсаты корпоративтік рухты көтеру және әріптестеріміздің ауызбіршілігін нығайту».

Іріктеу кезеңінде командалар арасындағы ойындар Арыс қаласында да тартысты өтті. Футбол алаңында әр ойыншы бар күш жігерін салып, қарсыластарының қақпасына доп соғуға тырысты. Әріптестерінің ойынын аудандық электр желілері командаларының жанкүйерлері тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл топта Түлкібас ауданының электр желілері командасының ойыншылары үздік болды.

Құрбанәлі Көлбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Отырар аудандық электр желілерінің бастығы: «Турнир Наурыз, Жеңіс Күнін мерекелеуге орайластырылған. Компанияның кәсіподақ ұйымына жыл сайын шағын футболдан жарыстар өткізетініне рахмет. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық дайындайды. Біздің команда жұмыстан кейін жаттығулар өткізді. Тоғыз жыл бұрын мен Созақ ауданының электр желілерін басқарған кезде өзім қатыстым. Біз Кентауда ойнадық. Содан кейін біз 1 орынды жеңіп алдық. Бұл жолы да Отырар ауданының командасы лайықты орын алады деп үміттенеміз».

Шағын футболдан іріктеу ойындары Кентау қаласында жалғасты. Мұнда Солтүстік аймаққа кіретін командалар өзара бақ сынасты. Бұл Созақ, Отырар аудандық электр желілері, Кентау қалалық электр желілері және Түркістан қаласының командалары.

Мерей Төленбекұлы, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің бастығы: «Жарыс жоғары деңгейде қызықты өтті. Солтүстік аймақ бойынша іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша Бәйдібек ауданының электр желілері командасы жеңіске жетті. Екінші орында Кентау қалалық электр желілерінің командасы, үшінші орын Созақ ауданының электр желілері командасына бұйырды. Барлық ойыншыларға ойын үшін үлкен рахмет».

Шымкенттегі іріктеу турнирінде «Оңтүстік Транзит ЖШС» бас кеңсесінің командасы үздік команда болып танылды. Әр топта жеңіске жеткен команда 4 мамырда Шымкентте өтетін ойындарда кездеседі. Сол кезде Наурыз және Жеңіс күніне арналған шағын футболдан турнирдің бас жүлдегері анықталады.

Бірінші, екінші және үшінші орындардан бөлек ұйымдастырушылар ынталандыру сыйлығын да дайындады. Осылайша, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС энергетиктері жұмыста ғана емес, спорттық аренада да ынтымағы жарасқан ұжым екендіктерін көрсетті.