ОҚО-да жол апатынан үш адам мерт болды

253

ОҚО-да жеңіл автокөлік пен жүк көлігі соқтығысып, соның салдарынан 3 тұрғын қайтыс болды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Мұрағат

24 шілде күні Ордабасы АІІБ-нің кезекші бөліміне Шымкент-Самара тасжолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен полицейлер түнгі 22:35-те Шымкент-Самара тасжолында Ордабасы ауданына бет алған Опель және Газ-53 көліктері соғысқанын анықтайды.

22 жастағы жігіт басқарып отырған «Опель -Вектра» көлігі алдында кетіп бара жатқан, 34 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Газ-53» жүк көлігінің артынан соққан.

Соның салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушылары – 22 жастағы тағы бір жігіт пен 21 жастағы қыз алған жарақаттан оқиға орнында тіл тартпай кетті. Олар Ордабасы және Сайрам ауданының тұрғындары еді. Осы Опельде отырған 22 жастағы Ордабасы ауданының тағы бір тұрғыны дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Қазір осы жайт бойынша қылмысты кодекстің 345-бабымен (көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.