Оңтүстікте алғаш рет Қазақстан Президентінің кубогі үшін халықаралық турнир өтеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайты жазады.
Таяуда облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Оған Қазақстан футбол федерациясының өкілдері мен облыстық басқармалар және департамент басшылары қатысты. Жиында жауапты мамандар Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін жасөспірімдер арасында өтетін халықаралық футбол турниріне ( U17 ) дайындықты талқылады.
Облыс әкімінің орынбасары ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған спорттық жарыстың өз деңгейінде өткізілуі өңір басшысының жіті бақылауында екенін айтты.
Сонымен, 7-13 тамыз аралығында өтетін халықаралық турнирге 8 команда қатысатын болады. Турнирде Қазақстаннан екі команда және Иран, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Албания мен Тәжікстаннан бір-бір командадан келеді деп күтілуде.
Еске салайық, ел Президентінің кубогі үшін соңғы тоғыз жылдан бері өткізіліп келе жатқан жарыс бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында ұйымдастырылып келеді.