Шымкент қаласы бойынша 6 қоғамдық орында вай-фай желісі орнатылған. Дәл қазір бұл демалыс орындарында сымсыз ғаломтор желісінің жұмысы қаржының бөлінбеуіне байланысты уақытша тоқтап тұр. Билік өкілдерінің айтуынша, алдағы тамыз айынан бастап тегін интернет көзі қайта қосылатын болады.
«Green Bus» компаниясының көліктері бағытқа шыққан алғаш сәттен бастап, автобустарда вай-фай желісі жұмыс істейтін. Әлеуметтік желінің қолжетімділігі қоғамдық көліктерде қатынайтындар үшін ыңғайлы еді. Бірақ, жолаушылардың қуанышы ұзаққа созылмады.
Автобустардағы вай-фай желісінің өшірілуін компания басшылығы келтірілген шығынның көптігімен байланыстырады. Бір сөзбен айтқанда, жекеменшік кәсіпкер жолаушылар игілігі үшін артық ақшасынан қағылғысы келмейді.
Айта кетейік, жылдың басында «Грин бас» компаниясының 200-ге жуық автобусы іске қосылған болатын. Оның 150-інде вай-фай-желісі орнатылған еді. Бірақ, қазір серіктестікке қарасты бірде-бір көлікте интернет көзі жұмыс істемейді.