Шымкент қаласында 124 мектеп бар. Солардың үшеуі биыл жазда күрделі жөнделуде. Забадамдағы №13 мектепті жаңалауға бюджеттен 106 млн теңге бөлініпті. Бұл қаржының жартысын мердігер игеріп қойған.
Сонымен қатар қалалық білім бөлімі биыл №53, 54 орта мектептердің жанынан қосымша ғимараттардың құрылысын бастап, №59 және 27 мектептерді кеңейтуді келер жылдың жоспарына енгізген.
Осылайша бүгінде қалалық білім бөлімінде жұмыс қызып жатыр. Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы күнделікті талқыланып, пысықталуда. Қаржының тапшылығына қарамастан, 3 мектепте биыл күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Забадам елдімекеніндегі №13 орта мектептің негізгі ғимараты 1964 жылы салынған. Осы жолы оқу корпусының шатырынан өзге барлық жері толық жаңаланады. Есік, терезе, еден, инженерлік коммуникация жүйесінің барлығы ауыстырылуда. Бүгінде құрылыстың негізгі бөлігі аяқталған, қазір әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Бөлек тұрған ғимарат — мектеп шеберханасы. Мұнда сылақ жұмыстары жасалуда. Еденге төселген тақтайшалардан бастап құрылыста пайдаланылып жатқан материалдардың барлығы отандық. Б корпусы 44 жылдан бері жөндеу көрмеген екен.
Ал В оқу корпусында еденге линолиум төселеді. Құрылысқа 80-ге тарта жұмысшы тартылған. Олардың арасында жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келгендер де бар.
Сөйтіп, қаладағы №13, 38 және 28 мектептердің оқушылары жаңа оқу жылын жаңаланған білім ордасында жалғастырады.