Түлкібас ауданы табиғи газбен толық қамтылды

626

Оңтүстіктің Түлкібас ауданындағы үш ауылға табиғи газ тартылды. Осылайша Түлкібас ауданы облыс бойынша көгілдір отынмен толық қамтылған бірден-бір ауданға айналып отыр. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қуанышты жаңалық ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күніне орайластырылып отыр. Ауданның таулы аймағында орналасқан Келтемашат ауылдық округінің Дәубаба-1, Дәубаба-2 және Төрткүл ауылдарында өткен салтанатты шараға облыс әкімі қатысып, жергілікті халықтың қуанышымен бөлісті.

Бейбіт Бәкірұлы 94 жастағы жергілікті ақсақал Сұлтан Кенжебековпен бірге көгілдір отын алауын жақты, содан кейін қарияның шаңырағында болып, дастарханынан дәм татты.

Статистика бойынша бұл үш ауылда 1500-ге жуық халық тұрады. Олардың табиғи газға қол жеткізуі үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 14 млн теңге бөлінген.

Жалпы ұзындығы 34,27 шақырым болатын газ құбырын «Энергоресурс» ЖШС жұмысшылар тартты. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыстар 2015 жылы басталып, биылғы маусым айында аяқталыпты. Айта кеткен жөн, ауданда соңғы 5 жылда 37 елдімекенге газ құбыры тартылды.