Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары оңалту орталығына тиісті қаржы бөлінсе екен дейді

Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына қаржы бөлінбей отыр. Осылай деген бір топ ата-ана қалалық әкімдіктің алдына жиналды. Сөздерінше, дамуы кешеуілдеген бүлдіршіндерді жекеге меншік мекемеге апару ата-ананың қалтасын қағады. Ал Шымкентте оларға арналған мемлекеттік жалғыз ғана нысан бар. Бірақ оған кезек жылжымай тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды дейді ата-аналар.

Айнұр Ағабекова 4 жасар кенже ұлының даму процесі кешеуілдеп жатқанын екі жасында білдім дейді. Үш баланың анасы баласының сау туылғанын айтады. Қатарластарына қосып, мектеп жасына толғанша ем-дом жасау үшін ұлын қаладағы мемлекеттік арнайы жалғыз балабақшаға тіркеген. Бірақ кезек жылжымаған соң, уақыт жоғалтпау үшін өзге орталыққа келген. Алайда, баласының денсаулығы жақсара бастағанда, орталықта жағдай ушықты дейді ол.

Айнұр Ағабекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Білім басқармасы орын бар деп жібергеннен кейін қаржыландыру шарт деп ойлаймын. Енді бізге қазір қаржыландыру болмағананнан кейін сіздерді жекеге ауыстырамыз деп жатыр. Ол жекеге ауыстыратын болса, 150-200 мыңның айналасында болады. Жекеменшікке бармай, құжат жинап қуанып, мемлекеттік қолдауы деп қуанып барғанымызды қайтейін».

Оңалту орталығының иесі жағдайға қалалық білім басқармасы жауапты деп отыр. Сөзінше, бұл орталық мемлекеттің қолдауымен серіктестік аясында ашылған. Алайда, бөлінетін қаржы әр ай сайын азайып, қысқарып отырған. Құралай Кемелбекованың айтуынша, басқармадағылар орталықтағы мамандардың санын қысқарту туралы да айтқан көрінеді. Оңалту орталығының құрылтайшысы, бұл жағдайдан көмекке мұқтаж жүзден астам бүлдіршін зардап шегіп отыр дейді.

Құралай Кемелбекова, Оңалту орталығының құрылтайшысы: «Оңалту орталығының мәселесі  бесінші ай болды. Дұрыс төленбейді. Мамандарды қысқарта салыңыздар дейді. Мамандарды біз қысқартатын болсақ, қалай біз нәтиже шығарамыз? Бұл балаларға комплексті жұмыс жасаған кезде ғана нәтиже болады. Олай жұмыс жасамасақ нәтиже болмайды. Оларға мамандық қысқарт деген оңай әңгіме».

Ал жиналған ата-аналардың уәжін тыңдауға шыққан білім басқармасының басшысы бұл жағдайдан хабардар екен. Нұргүл Шәмшиева мәселенің туындауына – орталыққа келген үшінші топтағы бүлдіршіндердің көбеюінің де себеп болғанын айтады. Наразылығын білдірген ата-аналардың бүгінгі талабынан кейін бүлдіршіндерді қайта диагностикадан өткізіп, олардың нақты саны анықталады дейді ол.

Нұргүл Шәмшиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Біріншіден мониторинг жұмысын бітіруіміз керек. Бізге қосымша қаржы  қажет еместігін анықтауымыз керек. Содан кейін барып, қосымша бюджеттен ақша бөліну үшін қосымша өтінім беріледі. Болмаса бақсармаға бөлінген ақшаның ішінен үнемделген ақша болса, жұмсауға рұқсат берулеріңізді сұраймыз дейміз. Ол кезде ол тез шешіледі. Ол кезде бірден конкурс жариялаймыз да конкурс бір айда шешіледі».

Ал,баласын қатарға қосу үшін қалтасынан қағылып, ем-домға шығындалып жүрген ата-аналар, оңалту орталығына бөлінетін қаржы туралы ақпаратты алдағы аптада ғана білетін болады. Білім басқармасының басшысы солай деді. Оған дейін балабақша мен оңалту орталығы конкурсқа қатысады.