Жылу берушілер мен сот орындаушылары рейдке шықты

223
Жылу берушілер мен сот орындаушылары рейдке шықты

Жылуға ақы төлемегендер жауапқа тартылады. «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің қызметкерлері жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, рейдке шықты.

Жылу берушілер мен сот орындаушылары рейдке шықты

Жауаптылар жылуға есеп айырыспаған азаматтарға соттың шешімін таратып, тұтынған жылу ақысын төлеуге шақырды. Өткен жылу маусымында қалған қарыз — 190 млн теңге.

Мұнша қарыздың 184 млн теңгесі көп қабатты үйлердің тұрғындарына тиесілі болса, қалған 6 млн теңгесі — заңды тұлғалардың берешегі.

Әбдісаттар Душанов, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің бөлім бастығы: «Заңды тұлғалар 6 млн теңге қарыз. Олар — облыс әкімдігі, білім беру басқармасына қарасты мекемелер және төтенше жағдайлар жөніндегі басқармалар.»

Қазіргі таңда сотқа 1914 іс жіберілген. Олардың 86-ы бойынша соттың шешімі шығарылыпты. Соттың шемімі бойынша берешекті өтеуге жеке сот орындаушылары жұмылдырылған.

Нұржан Ахметов, жеке сот орындаушысы: «Қазір менде 86 сот шешімі бар. Борышкер 10 күнде төлемесе, айыппұл төлейді және мүліктері тәркіленеді. Және есеп-шоттары жабылады.»

Қарызын төлемей, қашып жүргендер заң алдында жауап береді дейді рейдке шыққандар. Егер соттың шешіміне құлақ түрмесе, келер жылдан бастап, жылудан қағылуы әбден мүмкін.