Қаланың қақ ортасында тұрса да қоқыстан көз ашпаған тұрғындар коммуналшыларға өкпелі. Гагарин көшесінің тұрғындары көше тұрмыстық қалдық алаңшасына айналғанын айтып ашынып отыр. Ол аздай, аула сыпырушылардың салғырттығы ирригациялық жүйені бітеп тастаған. Қой дейтін қожа болмағандықтан, қоқыс апталап жиналмай жататын көрінеді.
Гагарин көшесінің құрылысы жуырда аяқталғанымен, бүгінгі кейпі көңіл көншітпейді. Жаяу жүргіншілер жолағы жаңарып, көшенің сәні кіргенімен, қоқыстан көз ашпай тұр. Осылай деп шағымданған тұрғындар коммуналшыларға өкпелі. Аула сыпырушылардың салғырттығынан көше қоқысханаға айналған.
«Көшеде шашылып жатқан бос қалбырлар, қағаздар, кір-қоқысты күн сайын көремін. Одан қалса таңертең аула сырушылар тазалағансып жүреді де тротуардағы қоқысты мына арықтың ішіне тастап кетеді. Менің шамам келмейді, сонда да амалым жоқ, өзімнің территориямды күнде тазалап тұрамын. Ертең жаңбыр жауа қалса, мына арыққа су толып, қоқыс бетіне шығады, су тасып жолға шығады, иіс шығады. Орталық көше деп қалай атасың бұл жерді?»
Тазалыққа жауаптылар тұрғындардың наразылығымен таныс. Айтуларынша, мәселенің шешімін таба алмай келеді. Еткен еңбектерін еш ететін базар сатушылары деп налиды. Өйткені, көше бойында «Жабық базар» аталып кеткен сауда орталығы орналасқан. Одан шыққан қоқыс дер кезінде алынбай, көшені ластайды.
Мақсат Ермекбаев, «ЛТД тұрмыс» мекемесінің бөлім басшысы: «Гагарин көшесінен күн сайын қоқыс жинайтын экипаж өтіп, тазалап шығады. Бірақ, базарға келушілер, ондағы сауда жасайтындар қоқыстарын көше бойына тастап кетеді. Сол бір мәселені шешу қиынға соғып тұр.»
Ал аудандық әкімдік халықтың шағымына құлақ түргісі келмейтін сыңай танытты. Қоқыс ортасында қалған қалалықтарды кінәлаудан ары аса алмады. Есесіне қалдықтардың ортасында қалған ағайын кімнен араша сұрарын білмей әлек. Біздің түсірілім тобы араласқаннан кейін ғана қалдық тазаланып, арық-атыз ашылған. Бірақ, мұның ұзаққа созылмасы тағы белгілі.