Ел аумағында қазақша кітаптар саны әлі күнге аз, жыл санап мемлекеттік тілдегі жинақтардың шығарылым тиражы да кеміген. Оқырмандар мен отандық қаламгерлер республикалық басылым беттеріне осы мәселені көтеріп, дабыл қағып жатыр. Жағдайдың жай-жапсарын анықтау үшін өңіріміздегі бас кітапханаға арнайы бұрылып, рухани құндылықтардың толығуымен танысып қайттық.
Қордағы күнделікті жұмыс қарбалас өрбиді. Кітапханаға түскен жүздеген, мыңдаған жаңа кітаптарға толықтыру бөліміне жайғастыру алдын арнайы мөр басылып, сараланып, ресми түрде тіркеуге алынады.
Гүлбаршын Иманәлі, кітап толықтыру бөлімінің сектор меңгерушісі: «Бізге кітаптар көптеп түскенде үлгере алмай қалатын кездер көп. Мұндай жағдайда өзге бөлімдердің мамандарының көмегіне жүгінеміз. Айына орташа есеппен 5000 кітап келіп түседі, ал бүгіннің өзінде қазақ қаламгерлерінің бірқатар кітаптары, яғни, 200 дана жинақ жеткізіліп отыр.»
«Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қоры әзірге 385 мыңға жуық екенін ескерсек, оның басым бөлігі орыс тілінде екен. Бірақ соңғы 3 жылда бас кітапхана 35 мыңнан астам жинақпен толыққан. Оның 80 пайызы мемлекеттік тілдегі кітаптар.
Зәкира Парымбекова, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Оның ішінде көркем әдебиет бар, салалық кітаптар бар, бұрынғы кезде техникалық, медициналық кітаптар орыс тілінде ғана шығып, оқырмандар қазақша нұсқасын таппай қиналатын. Ал қазір жағдай басқаша, көбіне қазақ тіліндегі кітаптар келеді».
Күнгейдегі келесі ғылыми кітапхана орыс ойшылы А.С.Пушкиннің есімімен аталады. 117 жылдық тарихы бар мәдени мекеменің қоры 300 мыңға жетіп жығылады екен. Ал соңғы 6 айдың ішінде 2596 кітап келіп түскен. Оның 1518-і қазақ тіліндегі жинақтар.
Шынар Жұмашева, А.С.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының кітапханашысы: «Ұлы дала тарихы» деген және «Мемлекетттік тілде іс жүргізу» атты кітап-таспа келді жаңадан. Бұл электронды нұсқа, әсіресе, жастардың сұранысына ие болып жатыр. Олар үшін тиімді әрі уақыттарын да үнемдейді».
Айта өту керек, бүгінде күнгейде барлығы 423 кітапхана бар. Мәдени ошақтарға жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар негізінде 150 мың кітап келіп түседі. Қуантарлығы, қазір оның 80 пайызы қазақ тіліне көшкен. Ал оқырмандардың сұраныс-тапсыры бойынша жеткізілуі тиіс жинақтар үшін әр жылы қазынадан 5 миллион теңге қаржы қаралып келеді.