Кәрім Мәсімов мұнай өңдеу зауыты өкілдерімен отын нарығын талқылады

222
Кәрім Мәсімов мұнай өңдеу зауыты өкілдерімен отын нарығын талқылады

Қазақстанның премьер-министрі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында болып, сала мамандарымен отын нарығы мәселелерін талқылады. Осылайша Оңтүстікке сапары барысында Кәрім Мәсімов «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясына барды.

Кәрім Мәсімов мұнай өңдеу зауыты өкілдерімен отын нарығын талқылады

Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобаны жүзеге асыру барысы туралы премьер-министрге кәсіпорын президенті Ц. Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбеков баяндады.

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту және жөндеу жобасы 2011 жылы басталды, барлық жұмыстарды 2017 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. 2016 жылдың қаңтар-мамырында ШМӨЗ 22 млрд теңгенің өнімін шығарған. Жаңартудан кейін К5 экологиялық кластың (ЕАЭО елдеріндегі Еуро-5 баламасы) талаптарына сәйкес зауыт жоғары октанды бензин шығарады. Зауыттағы өңдеу қуаттылығы 90%-ға дейін тазарту тереңдігімен шикі мұнай 5,2-ден 6 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде.

Бүгінгі таңда Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты Павлодар, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасайды. Дегенмен, ішкі нарықтың сұранысын қамти алмай отыр.

Отандық отын-энергетикалық нарықты дамыту мәселелеріне үкімет Елбасының тапсырмасы бойынша ерекше көңіл бөледі. Өңірлерге жұмыс сапары барысында премьер-министр Павлодардағы және Атыраудағы МӨЗ-на барып, Қазақстан үшін маңызды өндірісті жаңғырту және жөндеу барысымен танысты. Бұдан өзге Атырауда Кәрім Мәсімов отандық мұнай сервисінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр екі жұмыс тобын құруды тапсырды, олар бір ай ішінде өзекті мәселелерді жинақтап, оларды шешудің нақты ұсыныстарын әзірлеулері тиіс. Осылайша Қазақстанның барлық үш зауытының жұмысын жаңарту 2018 жылға қарай еліміздегі автокөлік отыны нарығында импорт алмастыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.