Кентау қаласының тұрғындары Қазақстан Республикасының конституциясы күніне орай 250 метрлік баннерге ата заңымызды жазып шығарды. Үш тілде жазылған заң қаладағы Ынтымақ алаңына толықтай жайылған. Енді бұл баннер қаланың орталық мұражайына қойылатын болады.
Мерекелік шараға қала әкімі Ә.Мақұлбаев пен қаланың зиялы қауым өкілдері қатысып, барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Салтанатты шарада қала жастары патриоттық әндерге флешмоб ұйымдастырса, мәдениет саласының азаматтары түрлі өнерлерін халыққа паш етті.
Айта кетейік, 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдум өткізу жолымен қабылданған Конституция – жас мемлекетіміздің өркендеуіне қол жеткізген, зайырлы және құқықтық ел екенімізді айқындайтын бірден-бір төлқұжат. Осы тәуелсіз мемлекетіміздің ата заңының қабылданғанына биыл 21 жыл толып отыр.
Жиырма бір жылдың ішінде еліміз өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығайтып, әлем таныған мемлекетке айнала білді. Қазақстанның жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей конституциямен тығыз байланысты екені белгілі.