Ауылдағы ағайын коммуналды қызметтен қағылып отыр. Сөстөбе ауылының бір топ тұрғыны 20 жылдан бері биіліктің назарынан тыс қалғанын айтып шағымдануда. Айтуларынша, газ бен жарықтан қағылған. Ол аздай, көп қабатты үйдің жөнделмегеніне талай жыл толыпты. Ал жергілікті билік үйді тұрғындардың өздері жаңғыртуы тиіс дегеннен ары аса алмайды.
Кеңес өкіметі тарағаннан кейін Састөбе ауылының әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді. Тұрғындар коммуналды жүйеден ажыратылды, халық жарық пен газды ұмытты. Мемлекет тарапынан берілетін көмектен үмітін үзіп, өз баспаналарын тастап, көше бастады. Бұл қолайсыздық тәуелсіздік алған жылдары да жалғасын тапты. Билік бұл баспаналарды назардан тыс қалдырып отырды.
Екі қабатты үйлерді ертеректе цемент зауытының жұмысшылары паналаған. Кейін жергілікті тұрғындар жекешелендіріп алыпты. Бүгінде зейнеткерлер мен көп балалы жанұялар тұрақтаған. Тұрғындар өз күштерімен бірсыпыра жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал әкімдіктегілер үйдің шатырын жабамыз деп уәде беріпті. Өзгеден үмітін үзген жандар қаржыны өз қалталарынан шығарып, қамдарын жасауға көшкен.
Рахымжан Жаманқұлов: «Бюджетте үйлердің құрылыс жұмыстарына ақша қаралмаған. Оның алдағы уақытта бөлінуі екіталай. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл істі өз мойындарына алып отыр. Бұрын бұл үйлерде газ бен жарық болмайтын. Қазір тек жазғы маусымдағы кей кедергілер болмаса, барлығы бар».
Ал келесі үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жеке тұлғалар да азды-көпті көмек көрсетеді. Алайда, не себебі екені белгісіз, бұл үйлер қайта жаңартудың мемлекеттік бағдарламасына ілінбей қалған. Әкімнің айтуынша, бірнеше рет өтініш білдірген. Бірақ, еш нәтиже шықпапты. Енді бас ауруға айналған баспананы халық өз қаржысына қайта қалыпқа келтіруде. 20 жылдан бері қаңырап бос қалған үйлерде ауылдықтар қыстыгүні қоныс тойын тойлаймыз деп жоспарлап отыр.
Састөбеліктер енді ауылды көркейту мәселелерін шешіп, ауланы көгалдандыруға кіріспек. Сонымен қатар елдімекеннің құрылған күніне орай, ауқымды мерекелік шараларды өткізбек.