Шымкентте бес балалы ана көшеде қалды

Тұрақты жұмыстың жоқтығы, бір отбасын тоқтықтан, балаларын оқудан қағып отыр. Шымкентте бес балалы ана көшеде қалды. Жалға алған пәтер ақысын төлей алмай, далада жүр. Оған төрт бірдей баласының мектепке бара алмайтынын тағы қосыңыз. Өйткені балғындарға мектеп формасы мен қажетті құрал-жабдықтарын әперуге қаржысы жоқ. Жоқтықтың тауқыметін тартқан жас ана көпшіліктен көмек сұрайды.

мать 1

Гүлжаһан Байзақованың 5 баласы бар. 29 жастағы ананы күйеуі тастап кеткен. Балаларын баға алмайтынын ашық айтыпты. Ал ана жүрегі құрсағын жарып шыққан баласын далада қалдыра алмайды. Тіршілік жасап, қалайда бағуға бел байлаған. Бірақ, тұрақты мекенжайы мен жұмыстың жоғы арманына жетер жолды алыстатып тастапты. Бұл жолы пәтерақысын төлей алмай, далада қалды.

Гүлжаһан Байзақова: «Ең басты мәселем — баспана.Үйім болса  басқасын өзім істеймін. Қара жұмыс болса да еңбек етуге дайынмын. Осы күнге дейін балаларымды аш-жалаңаш  қалдырған емеспін. Қолымнан келгенше қара кешке дейін базарда тамақ тасып, күнімді көріп келемін. Бірақ, дәл қазір барар жерім жоқ. Бес баламен мені кім кіргізеді үйіне? Қайда барамын…»

мать

Осылайша шарасыз күйге түскен жалғызбасты ананың етегі жасқа толы. Ең ауыр тиетіні — мектеп жасындағы балаларының білімсіз қалатыны. Өйткені, оларды мектепке дайындауға шамасы жоқ. Күнде жалданып жасайтын жұмысына небәрі 1200 теңге төленеді. Онысы ішіп-жеуден артылмайды. Балаларының ішкері асы, киерге киімі қалмаған соң, намысты жиып тастап, көпшіліктен көмек сұрауға бел байлапты.

Гүлжаһан Байзақова: «Пәтерден пәтерге ауысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Тұрақты мекенжайым болмаған соң балаларымды қай мектепке орналастыратынымды да білмеймін. Мектепке баратындай не киіміміз, не оқу құралдары жоқ. Ертең сабақ басталса, бұларға не айтамын, білмеймін…»

Жалғызбасты ана мүшкіл жағдайын айтып, әкімшілікке де барған. Ондағы мамандар бір-біріне сілтеп, мүлдем тыңдағысы келмеді дейді. Осы уақытқа дейін бес баласына жәрдемақы да алмапты. Енді үй-жайы жоқ жалғызбасты көп балалы ана қайда барарын білмей дал.

Қайырымды жандар табылып жатса, +7-775-393-84-07, +7-771-337-13-97 телефон нөмірлеріне хабарласуын сұранамыз.

Халық банкіндегі есеп-шоты: KZ 166016893000001386