Қара базардың күні өтті деп айтқанымызбен, іс жүзінде олай болмай тұр. Олардың қатары жаз басталғалы тіптен көбейіп кеткен. Құрылыс материалдарын сататындар қаланың көше бойын қара базарға айналдырғанына тұрғындар да үйреніп қалған. Осындай келеңсіздіктерді реттеу мақсатында қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері Қаратау ауданына қарасты бірнеше аумақтағы сауда нүктелерін тексерді.
Рейд барысында бірнеше құқық бұзушыларға айыпұл салынып, заңсыз нүктелер жабылды. Оның қаншалықты нәтиже беретінін араға ұзақ уақыт өтпей-ақ көруге болады.
Досанғали Ертаев, сауда және сыртқы экономикалық байланыс секторының бас маманы: «Рұқсат етілмеген жерде сауда-саттық жасаған адамға 505-бабтың 1-тармағына сәйкес 42 000 теңге айыппұл салынады. Ал екінші рет қайталанатын болса, 82 000 теңге айыппұл төлейді. Ол жағдайда да нәтиже болмаса, онда жер инспекциясы тарапынан шара қолданылады.
Жалпы, Қаратуа ауданында 17 заңсыз нүкте тіркелген. Тексеру кезінде қаланың абаттандырылатын орындарынан жер қойнауын заңсыз пайдаланып, сазды топырақты сатып жатқандар да анықталды. «Қызыл сызықта» орналасқан жерді мақсатсыз қолданған кәсіпкерге бұған дейін де бірнеше рет ескерту жасалып, айыппұл салынған. Оның үшеуі осы рейдтік шара барысында жабылды.
Гүлсина Бердібекова, Қаратау ауданына бойынша кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: «Қаратау ауданы 2015 жылдан жұмысын бастаса, біз сол уақыттан бері осы заңсыз сауда орындарымен күресіп келеміз. Жер қойнауын тиісті мақсаттан басқа пайдаланғаны үшін бүгін үш орын жабылды. Алматы тасжолы бойындағы шлакоблок сататын екі орын және Асар шағынауданындағы мақсатсыз жерді пайдаланғаны үшін жабылды.
Жыл басынан бері қала бойынша құрылыс материалдарын заңсыз саудалағандарға 3 млн 430 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Тексерулер тұрақты түрде жалғасады дейді жауаптылар. Өкініштісі, тексеру аяқтала салысымен, нәпақасын табуға қайта кірісетіндер көп.