Шымкенттегі Солтүстік саяжай шағынауданының тұрғындары тұншығып отыр. Айтуларынша, көшеден өтетін арықтан шығатын сасық иіс қолқаны қапқан. Аптап ыстықта терезе ашу мүмкін емес. Самал-2 шағынауданынан өткен қашыртқыға шайынды су мен тұрмыстық қалдықтар жиналып, айлар бойы тазаланбай жатады. Соның салдарынан денсаулығына алаңдаған ағайынның тынышы бұзылған.
Самал-2 шағынауданына қарасты Солтүстік саяжайдың тұрғындары арықтағы қоқысты тазалаудан шаршаған. Жыл он екі ай Айқап шағынауданынан ағып келетін шайынды судың қалдығы қалалықтардың мазасын қашырған. Жағымсыз исінен қысы-жазы терезені ашу мүмкін емес деп отыр.
Әнуар Мұңалбаев, тұрғын: «Мына арықтағы су қоқысқа толып қалған. Ал ішіндегі су тұрып қалғандықтан, жаман иіс осы маңайдағы тұрып жатқан азаматтарға зиянып тигізіп жатыр. Кеш қарайса тіпті далаға шығу мүмкін емес, шыбын-шіркей көбейіп кетеді.»
Жасұлан Дауырбаев, тұрғын: «Бір жылдан бері осы арықтың жағымсыз иісін иіскеп отырмын. Шынымды айтсам, бұл сасық иіске шыдау мүмкін емес. Өзім үшін көктемде тазаламақ та болдым. Бірақ, барлығын тазалау мүмкін емес.»
Ал аймақтағы канал тазалығына жауаптылар бұл келеңсіздікке тұрғындардың өздерін кінәлайды. Айтуларынша, қашыртқының маңына салынған үйлер, тазалайтын техниканың кіретін жолын жауып тастаған. Сондықтан арықтарды қамыс басып, ағып кететін қоқыстардың жолын байлап тастаған.
Сұлтанхан Түзелов, қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі: «Қалада 18 өзен-канал бар. Оның барлығы да кезегімен тазаланып тұрады. Ал солтүстік саяжайдағы қашыртқыны тазалауға үйлердің ретсіз салынуы кедергі болып тұр. Арыққа жақын орналасқан тұрғын үйлердің кесірінен тазалау техникасы кіре алмайды.»
Десе де мәселеге біздің түсірілім тобы араласқан соң қоқыс тазаланып қалды. Мердігер компания өз міндетіне кірісіп, бітеліп қалған арықтарды аршып, қоқысын шығарды.