Созақтағы Абай ауылында балабақша мен мектеп ашылады

776

Қазақстан Республикасының конституциясы күні Созақ ауданының Шолаққорған ауылды округіне қарасты Абай елдімекенінде 50 орынды жеке меншік «Айкөркем» балабақшасы ашылды. Жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Исаев, депутаттар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Нысанның салтанатты ашылу сәтінде сөйлеген аудан басшысы М.Исаев «Ауданда «Балапан» бағдарламасының орындалу барысы жоғары деңгейде Бұл – биылдыққа аудан көлемінде ашылып отырған бесінші балабақша. Таяуда тағы да 280 орынды балабақша ашатын боламыз» деп, жиналған көпшілікті конституция күнімен құттықтады.

Бұрынғы ескі мектепті балабақшаға лайықтап, күрделі жөндеген нысан қожайыны балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтығаннан бөлек жергілікті 8 адамға жұмыс беріп отыр.

Айта кету керек, жаңа оқу жылында Абай ауылында 150 орынды білім ошағы пайдалануға берілмек. Бүгінде ондағы 88 шаңырақта 576 азамат тұрады. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.