Театр тұрғындарды ащы судан аулақ болуға бастап, мейірбандылыққа баулуда. Облыстық өзбек драма театры 14-маусымының шымылдығын қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» қойылымымен түрді. Сөйтіп, көрермендерімен қайта қауышты. Өнер ұжымының барша әртісі жұмылдырылған туындыда Кеңес одағының дәуірі мен ондағы тұрғындардың сезімнің жетегіне еруі көрініс тапқан. Көпшілік cолақай саясаттың сергелдеңін де осы спекакльден көре алды.
Едірей Матович — таныс есім. Бүгінгі ұрпаққа емес, Кеңес одағы кезеңінде қолынан балы тамған шебер ретінде оны замандастары жақсы танитын. Шебер болғанда, ол жылыту қазандықтарын соғады. Сөйтіп, көптің алғысын арқалайды, өз нәпақасын табады. Нәпақы дейміз-ау, тапқан табысына ащы су алып, маскүнемдікке салынған. Қилы тағдырдың бұл кейіпкерін сомдау театрдың жас әртісі Миркамал Заббархановқа жүктеліпті.
Миркамал Заббарханов, облыстық өзбек драма театрының әртісі: «Шынайы өмірде ащы суды қолыма да алған емеспін, ал рөлде амалсыз маскүнем болдым. Кейіпкердің бойында қызықты мінездер де жоқ емес. Ал рөлде маған баянда ойнау оңайға түсті. Себебі студент кезімнен осы аспапта ойнап, достарыма ән салып беретінмін».
Оқиға желісі бойынша ұлты орыс Едірей бір емес, төрт рет отбасын құрады. Соңы сәтсіз некемен аяқталады. Осылайша қойылымда бір ғана кейіпкер арқылы Кеңес одағы дәуірі мен ондағы адамдардың аңғалдығы, жомарттығы көрініс тапқан. Театр басшылығының айтуынша, 14-маусымның жаңалығы — Кеңес үкіметі кезіндегі солақай саясатты сахналайтын бұл спектакльдің алтын қоржынға енуінде ғана емес.
Икрам Хашімжанов, облыстық орыс драма театрының директоры: «Жаңа маусымда екі жас әртіспен толықтық, бірақ айтатын мәселе бар. Біздің өзбек ұлтының менталитетінде қыз балалардың өнер жолына түсуіне тыйым салынған. Яғни, тұрмысқа шықпай қалады немесе отбасының шаңырағы шайқалады деген сияқты пікірлер бар. Мұны жойып, XXI ғасырдың талабымен өмір сүрген жөн, яғни, шынайы таланттың тасада қалмауы үшін қызмет етудеміз».
Бір жарым сағаттық «Аяулым Анфиса» спектакліне ұжымның барлық әртісі жұмылдырылған. Айта өтетін ақпар, бүгінде 14 жылдық тарихы бар театрда 52 адам еңбек етеді. Оның 17-сі кәсіби әртістер.