Шымкентте алимент төлемей жүрген 8000-нан астам борышкер бар. Құқық қорғау органдары мен жеке сот орындаушылары бірігіп, жыл соңына дейін үздіксіз рейд жүргізбек. Олар қала тұрғындары арасынан қарызы барларды осылай анықтауға кірісті.
Алименттен жалтарып жүргендер мен мемлекет пайдасына өндірілетін айыппұлды қасақана төлемеушілерге негізі бірнеше рет ескерту хаты берілген. Тексеру шарасының алғашқысы жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Соңғы жылдары алимент пен айыппұл төлемеу, одан жалтару сынды іс-әрекеттер жиілеп, перзентіне көмектесуден жалтарған әкелер ісі үлкен проблемаға айналған. Осы мәселені шешуге ниетті бірқатар құрылымдар күш біріктіру қажеттігін де көп айтып келеді. Осылайша полиция және сот орындаушылары алимент төлегісі келмейтіндерді жол бойында ұстауға кірісті.
Арнайы рейдте жол сақшылары жүргізушілердің құжаттарын тексеріп, борышкерлерді анықтады. Мұндай рейд бұрын да нәтижесін берген. Мамандар бұл жолы да қателескен жоқ. Аз ғана уақыт ішінде 20-дан астам автокөлік иесі өз отбасына тиісті айыппұлын төлемеген болып шықты. Тіпті қарызын ұмытқан борышкерлер де бар.
Бүгінде өңірімізде 8 мыңнан астам борышкер алименттен жалтарып жүр. Олардың мыңнан астамына ескерту құжаты толтырылған.
Айта өтейік, ескерту алған борышкерлер жақын күндері қарызын өтемесе, көліктері айып тұрағына қойылып, әкімшілік шара қолданылады. Сондай-ақ, оларға шетелге шығуға тыйым салынады. Ал полицейлер рейдке үздіксіз шығамыз деп уәде беріп отыр.