Шымкент — Түркістан бағытындағы тасжолдың біраз бөлігінде жолдың қайта салынуы — мердігердің жол салуда жіберген кемшіліктері. Оған себеп болған — құрылысшылардың ауа райының ерекшеліктерін ескермеуі. Салаға жауапты басқарма және арнайы мекеме басшылары өткізген брифингте осы мәселені түсіндіруге тырысты.
Облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 846 шақырымды құрайды. Оның ішінде Батыс Европа-Батыс Қытай транзиттік дәлізінің 236 шақырымдық бөлігі пайдалануға берілген. Бүгінде Шымкент-Самара автомобиль жолында көлік қозғалысының артуына байланысты жол санатын жоғары санатқа ауыстырып, өткізу қабілеті мен жылдамдығын жоғарылату үшін қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың қайта басталуы жолаушылардың да, жүргізушілердің де наазылығын тудырғаны рас. Ол күрделіліктерге жауап та дайын.
Мұхтар Дүйсембеков, «ҚазАвтожол» ҰК АҚ ОҚОФ басшысы: «Ол жолды кореялық «Поско» компаниясы салып жатыр. Сапасына келер болсақ, мойындау керек — сапасыз. Бетонды күн ыстықта салмайды, соны біз анықтадық, қазір кешкі уақытта төсейді. Жел қатты, бетонда жарық пайда болуда. Қазір ешкім бетонды ыстықта құймайды.»
Құрылыс талаптарына немқұрайлылық танытқан мердігер компания шығынға батып, тақтайдай етіп төсеген бетондарын қайта қазып, жөндеп жатыр. Жол сапасына жауапты шенеуніктер кез келген бөліктегі құрылыс барысы қадағалауда болады, сондықтан қандай да бір ақаулар орын алса, ол реттелмейінше нысан пайдалануға қабылданбайды дейді.
Нұрлан Байғұт, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қандай компания болмасын, мейлі ол «Поско» ма, әлде түрік компаниясы ма — барлығы стандартқа сай жұмыс жүргізуі тиіс.»
Батыс Европа-Батыс Қытай транзиттік дәлізі толығымен тапсырылса, онда қатынау ақылы болмақ. Әзірге бұл жобаның құжаттары әзірленіп жатыр. Жаңашылдықтың іске асуы 2022 жылдың еншісінде. Мамандардың мәлімдеуінше, көлік жүргізушілерінен түскен қаржы жолдың құрылысына бөлінген қаржыны өтеуге емес, халықаралық жолды күтіп ұстауға жұмсалады.